Сыр өңірінде егін алқабына алғашқы дән себілді

2 583

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Сыр өңірінде көктемгі дала жұмыстары қарқын алып, биылғы егін науқанына ресми түрде бастау берілді. Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылына арнайы жұмыс сапарымен барып, егін алқабына алғашқы дән себу рәсіміне қатысты. Маңызды шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен еңбек адамдары қатысып, дала төсіндегі берекелі істің бастауына куә болды, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Салтанатты сәтте аймақ басшысы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев және ауыл ақсақалдарымен бірге алғашқы дәнді сеуіп, биылғы маусымның табысты болуына тілектестік білдірді. Олар шаруалардың еңбегі ақталып, қамбаның астыққа толуын, ел ырысының артуын тіледі. Бұл дәстүрлі рәсім – тек егін науқанының басталуын білдіріп қана қоймай, ауыл еңбеккерлеріне үлкен серпін беретін маңызды шара.
Іс-шарадан кейін облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан заманауи техникалар мен құрал-жабдықтардың көрмесін аралады. Көрмеде жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникалары, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары және су үнемдеу технологиялары таныстырылды. Аймақ басшысы жаңа технологияларды кеңінен енгізудің маңыздылығына тоқталып, өнімділікті арттыруда ғылыми тәсілдер мен инновациялардың рөлі ерекше екенін атап өтті.
Жалпы, биылғы вегетациялық кезеңде облыстың егіс алқаптарын суаруға 3,2 миллиард текше метр су лимиті бөлінген. Бұл – егін шаруашылығын тиімді жүргізу үшін аса маңызды көрсеткіш. Ағымдағы жылы өңір бойынша 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді дақылдар 89,7 мың гектарды, майлы дақылдар 6,1 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 73,2 мың гектарды құрайды. Ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,8 мың гектар алқапқа орналастырылады.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты биыл күріш егісін 70 мың гектарға дейін қысқарту жоспарланған. Оның орнына суды аз қажет ететін, әрі өнімділігі жоғары жүгері дақылының алқабын ұлғайту көзделуде. Бұл қадам су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ерте егілетін дақылдарды себу жұмыстары аяқталуға жақын. Шаруашылықтар қажетті тұқым қорымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай және ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті көлемде дайындалған. Көктемгі дала жұмыстарына барлығы 3975 техника жұмылдырылып отыр.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 21,7 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінім берілген. Оның ішінде 10,1 мың тоннасы көктемгі дала жұмыстарына, ал 11,6 мың тоннасы күзгі егін жинау науқанына пайдаланылмақ. Бұл – шаруалардың шығындарын азайтып, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қолдау шарасы.
Сондай-ақ, егін шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бағытында мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілуде. Алдағы үш жылға бұл мақсатқа 34 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған болса, оның шамамен 10 миллиард теңгесі биыл игеріледі. Соңғы жылдары өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 4 есеге артып, 16,7 мың гектарға дейін жеткізілген.
Аймақта ірі инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда. Мәселен, «Харвест Агро» серіктестігі Жалағаш ауданында жүгері, соя және техникалық қарасора дақылдарын егіп, 21 мың гектар жерге агрокластер қалыптастыруда. Ал «Центр семеноводства» серіктестігі Шиелі ауданында 10 мың гектар алқапқа жүгеріні жаңбырлатып суару әдісі арқылы егуді қолға алған. Сонымен қатар, «Таң ЛТД» серіктестігі 3 мың гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы жүгері өсіру жобасын жүзеге асыруда.
Жалпы, Сыр өңірінде басталған биылғы егін науқаны – ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Заманауи технологияларды енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және мемлекеттік қолдаудың арқасында өңір диқандары жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ниетті. Алғашқы дәннің себілуі – молшылық пен берекенің бастауы. Ендігі мақсат – осы еңбекті еселеп, ел қамбасын астыққа толтыру.