Ақжарма ауылының газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда
Сырдария ауданында елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы ретте аудан әкімі Берік Сәрменбаев Ақжарма ауылына арнайы барып, газдандыру жобасының жүзеге асу барысымен танысты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Жұмыс сапары барысында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімі назарға алынып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.
Белгілі болғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді табиғи газбен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде ауқымды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Бұл бастамалар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен жүйелі түрде жүзеге асуда. Соның нәтижесінде облыс көлемінде ғана емес, Сырдария ауданында да газдандыру жұмыстары қарқын алып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалуда.
Ақжарма ауылындағы газдандыру жобасы – аудан үшін стратегиялық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық бастамалардың бірі. Жобаның жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Алия Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Қазіргі таңда ауыл ішінде газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп, желілердің бағыттарын белгілеу, арнайы белгілерін орнату сияқты маңызды кезеңдер атқарылуда.
Аудан әкімі нысанды аралау барысында мердігер мекеме өкілдерімен және жауапты сала мамандарымен тілдесіп, жобаның орындалу қарқынын талқылады. Ол өз сөзінде газдандыру – тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама екенін атап өтті. Көгілдір отынның қолжетімді болуы – тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға да оң әсер етеді.
Сондай-ақ, аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, барлық жұмыстар белгіленген талаптарға сай жүргізілуі тиіс екенін ескертті. Жауапты сала мамандарына және мердігер ұйымға жобаны белгіленген мерзімде сапалы әрі толық аяқтау міндеті жүктелді. Әрбір кезеңнің уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатыны да атап өтілді.
Жалпы, Ақжарма ауылын газдандыру – өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Мұндай жобалардың жүзеге асуы ауылдық елді мекендердің дамуына тың серпін беріп, тұрғындар үшін қолайлы әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта да аудан көлемінде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, барлық елді мекендерді көгілдір отынмен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле бермек. Нәтижесінде, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсарып, әлеуметтік инфрақұрылым жаңа деңгейге көтерілетіні сөзсіз.





