Іңкәрдария, Ақжарма ауылдарының тұрғындарымен кездесті

2 001
Фото: Сырдария аудан әкімдігі Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Іңкәрдария және Ақжарма ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердің тыныс-тіршілігі мен өзекті мәселелерін талқылады. Жиынға аудандық мәслихат депутаты Марат Бисенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұлов, сондай-ақ дербес бөлім мен сала жетекшілері қатысты. - деп хабарлайы "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
 
Кездесу барысында ауыл әкімдері атқарылған жұмыстарды саралап, елді мекендерде жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарларды баяндады. Әсіресе, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және ауылдардың әлеуетін күшейту бағытындағы жұмыстар кеңінен сөз болды.
 
– Халыққа жайлы орта қалыптастыру – басты міндетіміздің бірі. Әрбір тұрғынның ұсыныс-пікірі назардан тыс қалмайды. Ауылдардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді, – деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.
 
Бүгінде Ақжарма ауылында жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын ауқымды газдандыру жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстарын Алия Сервис жүргізуде. Қазіргі таңда газ құбырларын тарту және арнайы белгілерін орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Жобаның 95 пайызы орындалып, елді мекенді табиғи газбен қамтуға бағытталған маңызды бастама тұрғындардың тұрмыс сапасын едәуір жақсартпақ.
 
Кездесу соңында тұрғындар өз ұсыныстары мен сауалдарын ортаға салып, көтерілген мәселелер бойынша нақты жауаптар алды. Аудан әкімі барлық мәселе кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, ауылдарды дамыту мен халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.