«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстары өткізілді

2 583

Фото: Қазалы аудан әкімдігі Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бүгінде кең ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналып, халықтың күнделікті өмір салтымен біте қайнасып келеді, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.


 Бұл бастама тек бір реттік науқан емес, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді әрі маңызды қадам ретінде өз нәтижесін беруде. Осы ретте Қазалы ауданында да тазалық пен тәртіпті нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, тұрғындардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылуда.

Бүгін аталған акция аясында қазалылықтар аудан көлемінде кең көлемді сенбілік жұмыстарын ұйымдастырып, туған өлкенің тазалығына өз үлестерін қосты. Сенбілікке ауданның барлық кенттері мен ауылдық округтері, мемлекеттік мекемелер мен дербес бөлім қызметкерлері, ерікті жастар және жергілікті тұрғындар белсене қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті. Бұл – қоғамда экологиялық жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсететін жарқын көрініс.

Тазалық шаралары барысында аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі бірқатар маңызды нысандар мен қоғамдық орындар қамтылды. Атап айтқанда, «Қазалы мәдени-демалыс кешені» аумағы, М.Шоқай көшесі, аудан әкімдігі ғимараты алдындағы Әйтеке би ескерткіші орналасқан аумақ, теміржол вокзалы маңы және 5 квартал аумағындағы көшелерде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Көшелердегі шөптер шабылып, жол жиегіндегі бордюрлер мен ағаш түптері әктелді. Сонымен қатар қоршаулар, электр бағаналары және жол белгілері сырланып, көшелер сыпырылып, қоқыстар жиналып, арнайы орындарға шығарылды.

Сенбілік жұмыстары тек тазалықпен шектелмей, ауданның жасыл желегін арттыруға да ерекше көңіл бөлінді. Саябақтар мен аллеяларда ағаш отырғызу шаралары ұйымдастырылып, аудан бойынша 500-ден астам көшет егілді. Бұл жұмыстар экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, келешек ұрпақ үшін көрікті әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.

Фото: Қазалы аудан әкімдігі Жалпы аудан көлемінде өткізілген тазалық шараларының нәтижесінде 12,7 тоннаға жуық қоқыс жиналып, тиісті орындарға шығарылды. Бұл – атқарылған жұмыстың ауқымын айқын көрсететін нақты көрсеткіш.

Аудан орталығында өткен сенбілік жұмыстарының барысымен аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы танысып, атқарылып жатқан жұмыстарды аралап көрді. Аудан басшысы тазалықтың тек коммуналдық қызметтердің немесе мемлекеттік мекемелердің міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарды туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырып, мұндай игі бастамалардың тұрақты түрде жалғасуы қажеттігін жеткізді.

Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қазалы ауданында ұйымдастырылған сенбілік жұмыстары – ел бірлігі мен ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісі. Мұндай шаралар қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жанашырлықты арттыра түседі. Туған жердің тазалығы – әрбір азаматтың айнасы екені анық. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.