"Кітап-ұлттың рухани тірегі" атты мерекелік іс-шара өтті

2 692

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Сырдария ауданында руханият пен білімді дәріптейтін тағылымды шара өтті. «Руханият» орталығында аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай «Кітап – ұлттың рухани тірегі» атты ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Рухани мазмұны терең жиынға аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, кітапхана қызметкерлері, білім саласының мамандары және тұрақты оқырмандар қатысты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.

Мерекелік басқосу – кітаптың қоғамдағы орны мен маңызын айқындайтын, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымды алаңға айналды. Шара барысында қатысушыларға арналған мазмұнды бағдарламалар ұсынылып, рухани дүниені байытатын түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, кітап көрмелері жасақталып, ұлттық әдебиет пен әлемдік классиканың жауһар туындыларына арналған арнайы бұрыштар безендірілді. Сонымен қатар, «кітап керуені» жобасы аясында оқырмандарға жаңа басылымдар мен сирек кездесетін әдебиеттер таныстырылып, кітапқа деген қызығушылықты арттыру бағытында мазмұнды жұмыстар жүргізілді.

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Берік Сәрменбаев барша жиналған қауымды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, кітаптың адам өміріндегі орнына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде кітаптың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани мұра екенін атап өтіп, бүгінгі таңда білім мен парасаттың бастауы саналатын бұл құндылықты насихаттау аса маңызды екенін жеткізді.

Фото: Сырдария аудан әкімдігі – Кітап – ғасырлар қойнауынан жеткен рухани қазына, адамзаттың ой-санасын дамытатын теңдессіз байлық. Бұл мереке – кітаптың қоғамдағы рөлін айшықтап, білім мен мәдениетті дәріптейтін маңызды күн. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық кітап күні» аталып өтуде. Президентіміз: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу», – деп атап өткен болатын. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет, – деді аудан басшысы.

Аудан көлемінде кітапхана саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда ауданда 17 кітапхана жүйесі халыққа қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында да кітапханалар жұмыс істейді. Бұл рухани орталықтарда кітап қорын сақтау, толықтыру және оқырманға қолжетімді ету бағытында 50-ден астам кітапханашы аянбай еңбек етуде. Жыл сайын кітап қоры жаңа әдебиеттермен толықтырылып, заманауи талаптарға сай жаңғыртылуда.

Соңғы жылдары кітапханалар қызметі жаңа деңгейге көтеріліп, заманауи технологиялармен қамтамасыз етілуде. Атап айтқанда, «коворкинг» орталықтары ашылып, тегін интернет желісі мен аудио-видео құрылғылар орнатылған. Бұл өз кезегінде оқырмандардың электронды ресурстармен жұмыс істеуіне, білімін жетілдіруіне және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудан тұрғындарының, әсіресе жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы артып келеді.

Аудан әкімі өз сөзінде кітапханашылардың еңбегін ерекше атап өтіп, олардың рухани құндылықтарды насихаттаудағы рөлі зор екенін жеткізді.

– «Кітап – алтын қазына» десек, сол қазынаны халыққа жеткізіп жүрген кітапханашылардың еңбегі өлшеусіз. Сіздер – білім мен мәдениеттің шырақшысысыздар. Осы жолдағы табанды еңбектеріңіз үшін алғысымыз шексіз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Шара барысында кітапхана саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мамандар мен белсенді оқырмандар марапатталды. Оларға кітап оқу мәдениетін насихаттаудағы еңбектері үшін аудан әкімінің «Алғыс хаттары», Қазақстандық салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары және облыстық салалық кәсіподақтың «Алғыс хаттары» табысталып, құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар, Ұлттық кітап күні аясында аудан әкімдігі тарапынан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне заманауи техникалық құралдар – LED-экран мен дыбыс күшейткіш аппаратурасы сыйға тартылды. Бұл жаңашылдықтар кітапхана жұмысын одан әрі жетілдіріп, түрлі мәдени-танымдық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Мерекелік жиын соңы аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Әсем ән мен күйге толы кеш көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлап, рухани кештің ажарын аша түсті.

Жалпы, «Кітап – ұлттың рухани тірегі» атты бұл шара – қоғамда кітап оқудың маңызын арттыруға, жастарды білімге баулуға және рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Осындай игі істер арқылы ұлттың зияткерлік әлеуеті артып, кітап оқитын, ойлы қоғам қалыптасатыны сөзсіз.