Әйтеке би кентіндегі базарлар мен сауда орындарында санитарлық талап сақталуы тексерілді
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жұмыс сапары аясында тиісті сала басшыларымен бірге Әйтеке би кентіндегі бірқатар ірі сауда нысандарын аралап, олардың бүгінгі жай-күйімен танысты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, аудан басшысы «Орын-ай», «Болашақ», «Арзан» орталық базарлары мен өзге де сауда орындарын, сондай-ақ Әйтеке би көшесінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарды көріп, олардың санитарлық жағдайы мен инфрақұрылымына кешенді түрде баға берді.
Аралау барысында аудан әкімі базарлардың халық көп шоғырланатын маңызды сауда орындары екенін атап өтіп, олардың санитарлық тазалығы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың жоғары болуы керектігін қатаң ескертті. Базар әкімшіліктеріне сауда орындарының ішкі және сыртқы аумақтарын тұрақты түрде тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу, келушілер мен сатушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру міндеті жүктелді. Сонымен қатар сауда орындарының барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға толық сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттігі ерекше атап өтілді.
Жұмыс сапары барысында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысына базар аумағында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды. Ал аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына сауда орындарының тазалығы мен санитарлық нормалардың сақталуын қатаң қадағалау жүктелді. Бұл ретте халық денсаулығының қауіпсіздігі бірінші кезектегі мәселе екені баса айтылды.
Сондай-ақ аудандық полиция бөліміне базар маңындағы орталық көшелерде көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, кептелістердің алдын алу және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттелді. Ал Әйтеке би кентінің әкімі мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысына кәсіпкерлермен бірлесіп, сауда орындарының сыртқы келбетін жақсарту бағытында нақты шаралар қабылдау тапсырылды. Атап айтқанда, тозығы жеткен жарнама тақтайшаларын жаңарту, ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру, базар аумағында әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізу, дүкендердің сыртқы әйнектерін тазалау және жалпы санитарлық талаптарды күшейту қажет екені айтылды.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Әйтеке би көшесінің бойындағы абаттандыру және тазалық мәселелеріне де ерекше назар аударды. Жауапты сала өкілдеріне тұрғын үйлердің заңсыз орнатылған қоршауларын алу, қоғамдық аялдамаларды жуып-тазалау, аяқсу арықтарын күнделікті тазалап отыру және көше бойындағы жалпы тазалықты тұрақты қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі аралау қорытындысында орталық базарлар тек аудан тұрғындары үшін ғана емес, көршілес аудандар мен өңірлерден келетін қонақтар үшін де маңызды нысан екенін атап өтті. Осыған байланысты мұнда тазалық, тәртіп және қауіпсіздік талаптары әрдайым жоғары деңгейде сақталуы тиіс екенін қатаң ескертіп, берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.





