Сырдария ауданындағы әлеуметтік нысандардың жай-күйі зерделенді

2 504

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Сырдария ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі. 

Осы мақсатта облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов ауданға арнайы жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды нысандардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында өңірдегі әлеуметтік жобалардың іске асу барысы, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы және инфрақұрылымның тиімділігі жан-жақты сараланды.

Жұмыс сапары Бесарық ауылынан бастау алды. Мұнда заманауи талаптарға сай бой көтерген жаңа спорт кешені өңір тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілген. Аталған кешен – ауыл халқы үшін маңызды нысандардың бірі. Спорттық ғимарат барлық қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына кең мүмкіндік жасап отыр. Мұнда түрлі спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған, сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінген. Жасөспірімдердің дене шынықтырумен тұрақты айналысуы – олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, қоғамдағы белсенділігін арттыруға да ықпал етеді.Фото: Сырдария аудан әкімдігі 

Одан әрі жұмыс сапары Нағи Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жалғасты. 2023 жылы пайдалануға берілген бұл медициналық нысан бүгінде ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетіп келеді. Амбулаторияда алғашқы медициналық-санитарлық көмек толық көлемде ұсынылып, тұрғындар профилактикалық тексерулерден уақтылы өтуде. Сонымен қатар, жоспарлы ем-дом шаралары ұйымдастырылып, ауыл халқының денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған мекеме ауылдық денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосып отыр.

Сапар аясында аудан орталығындағы «Руханият орталығының» жұмысы да назардан тыс қалмады. Бұл орталық бүгінде аға буын мен жастардың басын қосқан маңызды рухани-мәдени алаңға айналған. Мұнда түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, кездесулер, тағылымдық жиындар өткізіледі. Орталықтың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Қоғамдық өмірдің белсенді ортасына айналған бұл нысан аудан тұрғындарының рухани дамуына оң әсерін тигізуде.

Жұмыс сапары барысында соңғы жылдары салынған тұрғын үйлердің жай-күйі де назарға алынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары тұрғын үй құрылысының сапасы мен оларды тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше тоқталды. Ол әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сапасын арттыру, халыққа қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Жалпы, Сырдария ауданындағы әлеуметтік нысандардың дамуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ал қолданыстағы инфрақұрылымды жетілдіру халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осындай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданның тұрақты дамуына серпін берері сөзсіз.