Аудан әкімі әлеуметтік нысандардың санитарлық тазалығына және жылу маусымына дайындығына назар аударды

2 981
Фото: Сырдария аудан әкімдігі Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихат депутаты Ержан Әжікеновпен бірге аудан көлеміндегі маңызды әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысу мақсатында аудандық аурухана мен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына арнайы барып, мекемелердің қазіргі ахуалын назардан өткізді,, -деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі. 
Жұмыс сапары барысында ғимараттардың санитарлық тазалығы, аумақтарды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары және жылу қазандықтарының техникалық жағдайы жан-жақты қаралды.
 
Алдымен мекеме аумақтарының жалпы санитарлық жағдайына ерекше көңіл бөлінді. Нысандар айналасының тазалығы, тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылуы, қызметкерлер тарапынан тазалық жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылуы сараланды. Сонымен қатар, қоршаған ортаның күтімі, ғимараттардың сыртқы келбеті мен ішкі тазалығы да назардан тыс қалған жоқ. Аудан басшысы денсаулық сақтау мекемелерінде санитарлық талаптардың қатаң сақталуы тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін атап өтті.
 
Кездесу барысында мекемелер аумағын абаттандыру және көгалдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, жасыл желектерді көбейту, гүлзарлар отырғызу, ағаштарды күтіп-баптау және демалыс аймақтарын ретке келтіру мәселелері талқыланды. Аудан әкімі қоршаған ортаны көркейту жұмыстары тек эстетикалық тұрғыдан ғана емес, тұрғындарға жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Осыған байланысты жауапты сала мамандарына көгалдандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, олардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.
 
Сонымен қатар, аудан басшысы мекемелердегі жылу қазандықтарының жұмысымен танысып, олардың техникалық жай-күйіне ерекше назар аударды. Қазандық жабдықтарының талапқа сай жұмыс істеуі, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы, қажетті жөндеу жұмыстарының жүргізілуі және алдағы қысқы жылыту маусымына дайындық деңгейі кеңінен сөз болды. Мамандар тарапынан жылу жүйелерінің қазіргі жағдайы мен жоспарланған жұмыстар жөнінде мәліметтер берілді. Аудан әкімі тұрғындарға үздіксіз әрі сапалы жылу беру – басты міндеттердің бірі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
 
Жалпы, кездесу барысында денсаулық сақтау нысандарының халық үшін қолжетімді, қауіпсіз және талапқа сай болуы басты назарда екені айтылды. Аудан басшысы санитарлық тазалықты сақтау, аумақтарды күтіп ұстау, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және инженерлік инфрақұрылымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері әрдайым бақылауда болатынын жеткізді. Іссапар қорытындысында жауапты мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, тиісті тапсырмалар берілді.