ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНЫҢ БАСТАЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Сырдария ауданында жылу беру маусымы басталды: түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілуде, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Сырдария ауданында 2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымы ресми түрде басталды. Бұл туралы Сырдария ауданы әкімінің «2025-2026 жылдарға арналған жылу беру маусымының басталуы туралы» №257 өкімімен хабарланды. Аталған өкімге сәйкес, 15 қазаннан бастап аудан аумағында жылыту маусымы басталды.
Осыған орай аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі мекемелер бірігіп, жылыту маусымының қауіпсіз әрі тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында жеке тұрғын үйлерді аралау, түсіндіру және профилактикалық жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Арнайы мамандардан құралған штаб құрамымен аудан аумағындағы тұрғын үйлерге барып, пешпен жылытылатын баспаналарға ерекше назар аударылды.
Басты мақсат – қауіпсіздік
Жылыту маусымында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың, өрт оқиғалары мен газбен улану сияқты келеңсіз жайттардың алдын алу – штаб жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Мамандар тұрғындарға жылыту пештерінің техникалық жағдайын тексертіп, олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін түсіндірді.
Штаб мүшелері әр үйге арнайы қауіпсіздік жадынамаларын таратып, пешпен жылытуды қолдану барысында қандай ережелерді сақтау керектігін нақтылап берді. Жадынамада:
Пешті пайдаланар алдында мұржаларды тазалау;
Қатты отынмен жағылатын пештерге артық отын салмау;
Пешті қараусыз қалдырмау;
Көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу жолдары;
Өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі жалпы ережелер
сияқты маңызды мәліметтер қамтылған.
Азаматтардың жауапкершілігі маңызды
Штаб мүшелері тұрғындарға жеке қауіпсіздік – әр адамның өз жауапкершілігінен басталатынын баса айтып, «сақтықта қорлық жоқ» қағидасын ұстануға шақырды. Әсіресе балалар мен қарттар тұратын отбасыларға ерекше назар аударылып, оларды қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарамауға үндеді.
Тұрғындардың қолдауы сезілді
Түсіндіру жұмыстары барысында аудан тұрғындары мамандардың жұмысына ризашылықтарын білдіріп, өз үйлеріндегі пештердің жағдайын тексеруге ықылас танытты. Көптеген тұрғындар мұржаларын тазалап, үй ішіндегі жылыту жүйесін жаңалап, қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы маусымға дайын екендіктерін жеткізді.
Алда – тұрақты бақылау жұмыстары
Аудан әкімдігі жылыту маусымы бойы құзырлы органдармен бірлесіп, бақылау мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізетінін мәлімдеді. Тұрғын үйлердегі жағдайды бақылау, туындауы мүмкін қауіптерді дер кезінде анықтап, алдын алу бағытындағы жұмыстар маусым соңына дейін жалғасатын болады.
Сырдария ауданы әкімдігі барлық аудан тұрғындарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жылыту маусымында барынша мұқият болуға шақырады. Өрт пен уланудың алдын алу – тек құтқару қызметтерінің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін еске саламыз.





