Алдағы жылыту маусымына дайындық пен мерзімді әскерге шақыру мәселесі қаралды
4 522
Мәжіліс басталар алдында аудан басшысы кадрлық өзгерістерге тоқталып өтті. Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес 2026 жылдың 3 мамырында өткен Бірлік ауылдық округі әкімінің сайлауының қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарының басым дауысына ие болған Аман Бауыржан Толықболұлы Бірлік ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Аудан әкімі жаңадан сайланған әкімді мәжіліске қатысушыларға таныстырып, алдағы жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ жергілікті халықтың сеніміне ие болған азаматтың елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосатынына сенім білдірді.
Мұнан кейін мәжілістің негізгі мәселелеріне көшкен аудан басшысы өткен 2025-2026 жылғы жылыту маусымының тұрақты әрі қалыпты жағдайда өткенін атап өтті. Аудан көлеміндегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қысқы кезеңнен айтарлықтай қиындықсыз шыққанымен, алдағы маусымға дайындық жұмыстарын ерте бастау қажеттігін айтты.
– Қысқы кезеңнің тұрақты өтуі – жауапты мекемелердің жүйелі жұмысының нәтижесі. Дегенмен бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бүгіннен бастап күшейтіп, барлық нысандардың техникалық жай-күйін толық зерделеу қажет, – деді аудан әкімі.
Осыған байланысты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындығын қамтамасыз ету, қатты отын қорын уақытылы қалыптастыру, көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелерін ретке келтіру, коммуналдық мекемелердің жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ жауапты сала басшыларына жылу беру жүйелеріндегі ақаулардың алдын алу, инженерлік инфрақұрылымдардың сенімді жұмысын қамтамасыз ету және тұрғындар тарапынан туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу міндеттелді.
Мәжілісте аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан газдандыру жұмыстары да кеңінен сөз болды. Аудан басшысы соңғы жылдары елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Үрмәш Түктібаев ауылдарын табиғи газ желісіне қосу жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі әлеуметтік және әкімшілік ғимараттарды табиғи газға көшіру бағытындағы жобаларды жеделдету қажеттігін де ерекше атап өтті. Себебі табиғи газды пайдалану отын шығындарын азайтып қана қоймай, нысандардың тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру болды. Мәжілісте балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Әсіресе Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру лагерінің қазіргі жағдайы сынға алынды.
Аудан басшысы лагерь аумағындағы тазалық жұмыстарын күшейтіп, ғимараттарды ретке келтіру, қажетті жөндеу жұмыстарын аяқтау және балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігі ескертілді. Жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, тәрбиелік және танымдық шаралардың мазмұнын арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Мәжілісте көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы да қаралды. Аудан басшысы қазіргі таңда жоспардың төмен деңгейде орындалып отырғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты. Әскерге шақыру – мемлекеттік маңызы бар міндет екенін еске салған аудан әкімі ауылдық округ әкімдері мен жауапты мекеме басшыларына шақырылушыларды нақтылау, шақыру қағаздарын уақытылы табыстау және медициналық тексеруден өткізу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Сонымен қатар жастар арасында әскери қызметтің беделін арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі де айтылды. Өйткені Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екені ерекше атап көрсетілді.
Мәжіліс соңында аудан аумағындағы санитарлық тазалық мәселелері кеңінен талқыланды. Елді мекендердің көркейту-көгалдандыру жұмыстары, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығы, түнгі жарықшамдардың жай-күйі және абаттандыру шаралары бойынша бірқатар кемшіліктер айтылды.
Аудан әкімі барлық кент, қала және ауыл әкімдеріне тазалық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды, қоғамдық орындарды күтіп ұстауды және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар мекеме басшыларына бекітілген аумақтардағы санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы барлық жауапты сала жетекшілеріне берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін әрбір бастама мен жоба тұрақты бақылауда болатынын атап өткен аудан әкімі тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.





