Аудан әкімі «Жалын» тынығу лагерінің жазғы маусымға дайындығын көрді

1 201
Фото: Сырдария аудан әкімдігі Берік Сәрменбаев облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергеновмен бірге балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне байланысты “Жалын” сауықтыру лагеріне арнайы барып, дайындық жұмыстарымен танысты. Жазғы тынығу маусымына қызу әзірлік жүргізіліп жатқан лагерь аумағында қазіргі таңда жөндеу және жаңғырту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда, - деп хаарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
 
Іссапар барысында аудан басшысы лагерьдің материалдық-техникалық базасын, демалыс орындарының жағдайын, санитарлық тазалығын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты көрді. Бүгінде лагерь аумағындағы ғимараттар мен демалыс нысандары ретке келтіріліп, жатын орындар жаңартылуда. Сонымен қатар балалардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында қажетті инфрақұрылымдарды жақсарту, инженерлік жүйелерді қалыпқа келтіру және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
 
Лагерь аумағында тазалық жұмыстары күшейтіліп, көгалдандыру мен көркейту шараларына ерекше көңіл бөлінген. Демалушылардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған алаңдар мен ойын орындары ретке келтіріліп, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған талаптар қайта пысықталуда.
 
Тексеру барысында Берік Сәрменбаев жауапты сала мамандарына балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс екенін қатаң ескертті. Әсіресе санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, медициналық қызметтің дайындығы, өрт қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп мәселелері толық бақылауда болуы қажеттігін айтты.
 
Сонымен қатар аудан басшысы лагерьдегі жөндеу және жаңғырту жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырып, жазғы тынығу маусымын жоғары деңгейде ұйымдастыру маңызды міндет екенін жеткізді. Оның айтуынша, балалардың жазғы демалысы тек тынығу ғана емес, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, достық қарым-қатынас қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталуы қажет.
 
Кездесу барысында жауапты мамандар атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, жазғы маусым кезінде балаларға барлық қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді. Аудан басшысы алдағы уақытта да өскелең ұрпақтың сапалы демалысын ұйымдастыру мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.