Нағи Ілиясов, Шаған ауылдарында тұрғындармен кездесу өтті

5 851
 Берік Сәрменбаев бүгін Нағи Ілиясов және Шаған ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер төңірегінде кең көлемде пікір алмасты. Ашық форматта өткен кездесуге облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
 
Кездесу барысында алдымен ауыл әкімдері елді мекендерде атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту, көшелерді жөндеу, инженерлік жүйелерді дамыту және абаттандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны айтылды.
 
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Сәрменбаев өңірдің даму қарқынына кеңінен тоқталып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, аудан көлемінде инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы жобалар тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, ауылдардың келбетін жаңғыртуға да мүмкіндік береді.
 
Аудан басшысы Нағи Ілиясов ауылдық округінде жеке тұрғын үйлер орналасқан жаңа аумақтарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту және тас жол салу жобасы жүзеге асырылатынын жеткізді. Аталған жоба аясында жаңа қоныстанған тұрғындарға қажетті электр желісі, су жүйесі және жол инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жүргізілмек. Бұл бастама ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, елді мекеннің дамуына серпін береді деп күтілуде.
 
Сонымен қатар Шаған ауылындағы жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да кеңінен айтылды. 2026 жылға арналған аудандық бюджет есебінен елді мекен көшелеріне жол салу жобасына 114 миллион теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 3,5 шақырымнан асатын Мұратбаев, Тұйғынов, Омаров, Адаев және Аябек көшелеріне бірінші кезең бойынша қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны жүзеге асырушы мердігер мекеме – Ақтоған жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
 
Кездесуде сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығына қатысты маңызды мәселелер де қозғалды. Аудан басшысы Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Арна мекемесі қолдауымен «Жиделіарық» каналына қазу және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жұмыстар су арналарының тиімділігін арттырып, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізбек.
 
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ашық айтып, инфрақұрылым, жол, ауыз су, жарықтандыру және әлеуметтік нысандарға қатысты сауалдарын жолдады. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын айтып, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
 
Сонымен бірге аудан басшысы елді мекендердің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, ауылдардың келбетін жақсарту, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Ашық әрі мазмұнды форматта өткен кездесу тұрғындар мен билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік берді.