Аудан әкімі газдандыру жұмыстарының барысын бақылады

3 215

Фото: ЖИ Қазалы ауданында елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұған дейін Абай және Ақтан батыр ауылдары табиғи газға қосылса, өткен жылы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ желілері жеткізілді, - деп хабарлайды "Expressnews.kz"ақпарат агенттігі.

Биыл аталған төрт ауылда орамішілік газ желілерінің құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 680 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды. Қазіргі таңда барлық елді мекенде жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Осыған байланысты аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құрылыс нысандарын аралап, мердігер ұйымдардың жұмыс барысымен танысты. Аудан басшысы құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, тұрғындардың көптен күткен игілігі – табиғи газға қосу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Жоба толық іске асқанда аудан тұрғындарының табиғи газбен қамтылу деңгейі 83 пайызға жетеді. Сонымен қатар Ақсуат, Байқожа ауылдарына орамішілік газ желілерін жүргізу және Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды ауылдық округтеріне магистральды газ тарту жобалары әзірленген.