Аудан әкімі Шәкен ауылының тұрғындарымен кездесті
2 575
Кездесу барысында аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары, Үкіметтің қолдауы және облыс әкімінің үйлестіруімен өңірде әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
– Қазіргі таңда ауданымызда білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, ауыл жастары үшін спортпен шұғылдануға қолайлы мүмкіндік жасалды. Ал өткен жылы Майдакөл ауылында 100 орындық заманауи ауылдық клубтың есігі айқара ашылып, тұрғындардың мәдени өміріне тың серпін берді.
Инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Бүгінде Қарлан көпірінің құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл нысан іске қосылғанда тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай қалыптасады. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірнеше елді мекендегі электр желілері жаңартылып, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының электр қуатын арттыру мақсатында жаңа қосалқы станса салынды.
Газдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарын табиғи газға қосу бағытындағы жұмыстар қолға алынды. Алдағы кезеңде дарияның арғы бетіндегі ауылдарға магистральды газ құбырын жеткізу жоспарланып отыр.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де тұрақты бақылауда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы аудан көлемінде кешенді жұмыстар атқарылып, соның нәтижесінде 2025 жылы Шәкен ауылы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бүгінде ауыл тұрғындары таза әрі сапалы ауыз суды тұрақты пайдаланып келеді.
Аудан әкімі жуық арада Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында бой көтерген жаңа спорт кешендері пайдалануға берілетінін де жеткізді. Сонымен қатар аудан көлемінде автомобиль жолдарын жөндеу, көшелерді абаттандыру және елді мекендердің келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын тауып жатқанын айтты.
Кездесу барысында аудан басшысы облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл бастамалардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауылдардың тұрақты дамуына негіз болмақ.
Жиын кезінде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе мал арасында кездесіп жатқан аурулардың алдын алу және ветеринариялық қызметтің жұмысын күшейту мәселесі көтерілді. Аудан әкімі бұл мәселенің маңыздылығына тоқталып, жауапты сала мамандарына ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу және мал ауруларының алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесу соңында Алмасбек Есмаханов ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген барлық ұсыныс-пікірлер мен өтініштер назарға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар әрбір мәселе қолданыстағы заңнама аясында жан-жақты қаралып, кезең-кезеңімен шешімін табуы үшін тиісті жұмыстар ұйымдастырылатынын атап өтті.





