Терроризмге қарсы аудандық комиссия отырысы өтті
1 896
Комиссия отырысының күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе – аудандағы ұлтаралық қатынастар саласындағы тұрақтылықты сақтау және түрлі этнос өкілдері арасындағы татулық пен қоғамдық келісімді нығайту, сондай-ақ ықтимал ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу шаралары болды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жүйелі жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың негізгі бағыттары мен олардың іске асырылу барысына арналды. Жауапты сала өкілдері аудан көлемінде қолға алынған жобалардың нәтижелері мен тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар, әлеуметтік жобалардың қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және жастар арасында діни экстремизм мен теріс идеологиялардың алдын алуға қосып отырған үлесі де кеңінен сөз болды.
Үшінші мәселе ретінде облыс және аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия отырыстарында қабылданған хаттамалық шешімдердің орындалу барысы қаралды. Жауапты мекеме басшылары атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, терроризмге қарсы іс-қимыл бағытында қолға алынған шаралардың тиімділігіне тоқталды.
Жиын барысында аудан басшысы Берік Сәрменбаев қоғамдық қауіпсіздік мәселесі қашанда басты назарда екенін атап өтіп, террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалу деңгейін күшейту, алдын алу шараларын жетілдіру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, аудан аумағындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, құқық қорғау органдары мен жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын нығайту, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстау бағытында нақты тапсырмалар берді.
Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі қоғамдық қауіпсіздік пен ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, жауапты сала басшыларына тапсырылған жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындауды міндеттеді.





