«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстары жүргізілді
2 453
Ауқымды тазалық шарасына аудандағы меншік түріне қарамастан барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мәдениет және спорт мекемелері, сондай-ақ белсенді тұрғындар қатысты.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының басты мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және туған жерге деген жанашырлықты арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Сенбілік барысында әрбір мекеме өздеріне бекітілген аумақтарда ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді. Көшелер мен қоғамдық орындардағы тұрмыстық қалдықтар жиналып, жол жиектері, арықтар мен жаяу жүргіншілер жолдары тазартылды. Сонымен қатар, мекеме қызметкерлері көркейту-көгалдандыру жұмыстарына да ерекше мән беріп, ағаштардың түптерін қопсытып, арамшөптерді отап, жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарын атқарды.
Тұрғын үйлердің аулалары мен қоғамдық орындардың тазалығы назардан тыс қалмай, қоршаған ортаны абаттандыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді. Сенбілікке қатысушылар тазалық – тек бір күндік науқан емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салты болуы тиіс екенін іс жүзінде көрсетті.
Экологиялық акция аясындағы мұндай шаралар ауданның санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін тигізеді. Әсіресе жастардың сенбілікке белсенді қатысуы олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтып, қоғамдық жұмыстарға деген белсенділігін арттырады.
Таза әрі көрікті елді мекен – тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Сондықтан әрбір азамат өз ауласының, көшесінің және қоғамдық орындардың тазалығына бейжай қарамай, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосуы қажет. Табиғатты қорғау мен тазалықты сақтау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келер ұрпақ алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Ауданда санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу алдағы уақытта да жалғасатын болады. Осы ретте аудан тұрғындарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сенбіліктерге белсене қатысуға, өз аулалары мен көшелерін таза ұстауға, қоршаған ортаны қорғауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырамыз.
Тазалық – мәдениеттің белгісі, ал таза ауыл мен көрікті аудан – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Бірлесе еңбек етіп, туған өлкеміздің тазалығы мен көркеюіне өз үлесімізді қосайық!





