Макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы тұрақты бақылауда

2 582

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты бақылауда. Осы бағытта аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда 2026 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындылары жан-жақты талқыланды. Жиын барысында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалу барысы сараланып, алдағы міндеттер айқындалды, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.

Мәжілісте баяндалғандай, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 25,7 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 есеге артық көрсеткіш. Өнеркәсіп саласындағы бұл серпінді өсім аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын аңғартады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 3,5 миллиард теңгені құрап отыр.

Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында да оң динамика қалыптасқан. Аталған сала бойынша жалпы өнім көлемі 1,7 миллиард теңгеге жетіп, 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға артқан. Бұл ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Сонымен қатар, аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі де назар аударарлық. Есепті кезеңде негізгі капиталға 16,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2 пайызды құраған. Инвестициялық белсенділіктің артуы өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Құрылыс саласында да өсім байқалады. 2026 жылдың алғашқы үш айында 4 969 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 103,6 пайызға жеткен. Ал құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 4 793 миллион теңгені құрап, 11,5 пайызға ұлғайған.

Жиын қорытындысында аудан әкімі І тоқсанның нәтижелері бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер толық орындалғанын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта да белгіленген жоспарларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажеттігін айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.