Адалдық пен әділдік қағидасы — сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет
7
Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – қызметтік өкілеттігін жеке пайдасы үшін пайдалану. Бұл құбылыс экономиканың дамуын тежеп қана қоймай, елдің халықаралық беделіне де кері әсерін тигізеді.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып табылады. 2015 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң осы саладағы негізгі құқықтық негізді қалыптастырды.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша тіркелген 126 қылмыстық құқықбұзушылық фактісінің 110-ы сыбайлас жемқорлықпен байланысты.
Сыбайлас жемқорлық фактілерінің басым бөлігі парақорлық, алаяқтық және лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану сияқты қылмыстарға қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттары:
• құқық бұзушылықтардың алдын алу;
• сыбайлас жемқорлық себептерін жою;
• құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу;
• қоғамда адалдық пен әділдік қағидаларын қалыптастыру.
Бүгінгі таңда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – әр азаматтың заңға құрметпен қарап, парақорлыққа қарсы тұруы деген сөз. Себебі адал қоғам – дамыған мемлекеттің негізі.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Ол үшін әр адам өзінің құқықтық сауаттылығын арттырып, заң талаптарын сақтауы тиіс.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің болашағы үшін маңызды қадам. Әділдік пен адалдық үстемдік құрған қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізе алады.
Дина Құрманғазықызы,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының бас маманы,сот приставы





