Тереңөзекте "Халық заңгері" ауқымды республикалық акциясы өтті
«Халық заңгері» республикалық акциясы – тұрғындарға құқықтық көмек көрсетудің тиімді алаңы, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2025 жылғы 18 қыркүйектегі тапсырмасының 8-тармағын орындау мақсатында 2025 жылғы 31 қазанда еліміздің барлық өңірлерінде «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясы бір мезетте өтті. Бұл игі шараға Сырдария ауданы да белсене үн қосты.
Аудан орталығы – Тереңөзек кентінде орналасқан «Руханият орталығында» өткен акцияны Сырдария ауданының әкімдігі мен прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырды. Шараға Сырдария ауданының прокуроры Абай Мұхтарұлы, аудан әкімінің орынбасары Роллан Манарбекұлы, аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы, сондай-ақ тәжірибелі заңгерлер мен адвокаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Акция барысында тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты кеңес беріліп, өзекті сұрақтарына нақты жауаптар ұсынылды. Тұрғындар арасында жер дауы, әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй мәселелері және өзге де құқықтық бағыттағы сұрақтар жиі қойылды. Нәтижесінде 100-ге жуық азамат кәсіби заңгерлік көмек алды.
Мұндай бастамалар халықтың құқықтық сауатын арттыруға, азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. «Халық заңгері» акциясы – мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың нақты көрінісі.
Айта кетейік, аталған акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жалпыреспубликалық шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, мемлекеттік органдар, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы және еліміздің үздік заңгерлері мен адвокаттарының қатысуымен ұйымдастырылады.
Ауқымды әлеуметтік маңызы бар бұл шара азаматтардың құқықтарын қорғауға, заң көмегін баршаға қолжетімді етуге бағытталған игі дәстүрге айналды.





