Бір форма – бір тағдыр: қызмет тоғыстырған қос жүрек
Қызмет жолында танысып, өмір жолында табысқан жандар аз емес. Солардың бірі — құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген Мақсат пен Нұрзияның тағылымды тағдыры. Ортақ қызмет, ортақ жауапкершілік пен өзара түсіністік қос жүректің арасын жақындатып, жарасымды отбасының қалыптасуына себеп болды, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Екі жас алғаш рет тергеу изоляторында қызмет атқарып жүрген кезде танысқан. Күнделікті қарбаласқа толы жұмыс барысында бір-бірінің мінезін, жауапкершілігін, еңбекке деген адалдығын таныған олар уақыт өте келе жақын араласа бастайды. Қызметтегі серіктестік шынайы сыйластыққа, ал сыйластық үлкен сезімге ұласты.
Кейін Нұрзия Қызылорда қалалық пробация қызметіне ауысқан кезде, көп ұзамай Мақсат та сүйіктісінің ізімен сол бөлімге қызметке келеді. Тағдыр табыстырған қос жас бір ұжымда еңбек етіп жүріп, шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. Осылайша қызмет жолында басталған таныстық өмірлік махаббатқа айналды.
Бүгінде Мақсат пен Нұрзия тек өз отбасыларының ғана емес, қоғам тыныштығының да тірегіне айналып отыр. Қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін қатар көтеріп жүрген олар бір-біріне әрдайым қолдау білдіріп, түсіністік пен сыйластықты басты орынға қояды.
Мақсат Жұмабеков Қызылорда қалалық пробация қызметінің ювеналды тобының инспекторы, әділет аға лейтенанты қызметін абыроймен атқарып келеді. Қызметтес әріптестері де Мақсаттың қызметке деген адалдығын басты орынға қоятынын алға тартуда.
Құқық қорғау саласында еңбек ету — үлкен төзімділік пен табандылықты талап етеді. Осындай жауапты қызметте жүріп, отбасы құндылығын сақтай білген жас жанұя көпшілікке үлгі болары сөзсіз. Бір мақсат, бір міндет жолында табысқан қос жүректің бұл тағдыры — адалдық пен махаббаттың, сенім мен сыйластықтың жарқын көрінісі.





