"Заң және тәртіп "қағидаты аясында"Заң керуені" акциясы өтті

4 062
Фото: Сырдария аудан әкімдігі «Заң керуені» акциясы: халық пен билік арасындағы ашық диалог алаңы өтті, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
 
Аудандық «Руханият» орталығында Қызылорда облысы прокуратурасының бастамасымен «Заң керуені» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтарды толғандыратын құқықтық мәселелерді жедел әрі тиімді шешу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ашық байланысты нығайту.
 
Маңызды кездесуге аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Кәрімұлы, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық бөлімдер мен мекемелердің жетекшілері, қоғамдық ұйым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
 
Іс-шара барысында құқықтық тәртіпті нығайту, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді ашық айтып, мемлекеттік органдар өкілдерінен нақты жауап алуына мүмкіндік жасалды.
 
Кездесуді ашқан аудан әкімі Берік Сәрменбаев мұндай ашық форматтағы қабылдаулардың халықтың билікке деген сенімін нығайтып, тұрғындардың мәселелерін дер кезінде шешуге ықпал ететінін атап өтті. Ол мемлекеттік органдардың басты міндеті – тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына бейжай қарамай, заң аясында нақты шешім қабылдау екенін жеткізді.
 
Өз сөзінде Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Кәрімұлы құқықтық мемлекет құру жолындағы басты қағидалардың бірі – заңның үстемдігін қамтамасыз ету екенін ерекше атап өтті.
 
– Заңның үстемдігі – қоғам тұрақтылығының, әділеттіліктің және азаматтардың қауіпсіз өмір сүруінің басты кепілі. Сондықтан прокуратура органдары азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді. Бүгін көтерілген бірде-бір мәселе немесе ұсыныс назардан тыс қалмайды. Әрбір өтініш заң талаптарына сәйкес жан-жақты қаралып, тиісті шешім қабылданады, – деді облыс прокуроры.
 
Кездесу барысында тұрғындар жер қатынастары, әлеуметтік көмек, тұрғын үй, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек қатынастары, коммуналдық қызметтер, инфрақұрылым, алимент өндіру, атқарушылық іс жүргізу және өзге де құқықтық мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
 
Әрбір көтерілген мәселе мұқият тыңдалып, жауапты мемлекеттік органдардың басшылары тарапынан заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірмелер берілді. Кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынып, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
 
«Заң керуені» акциясының басты ерекшелігі – азаматтардың әртүрлі мемлекеттік мекемелерге жеке-жеке бармай-ақ, бір алаңда бірнеше саланың мамандарынан құқықтық кеңес алуына мүмкіндік беруінде. Бұл тұрғындардың уақытын үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
 
Іс-шара барысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қатысушыларға заңнамалардағы өзгерістер түсіндіріліп, құқықтық көмек алу жолдары жөнінде ақпарат берілді.
 
Кездесу аяқталғаннан кейін Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Кәрімұлы азаматтарды жеке қабылдады. Жеке қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, құқықтық кеңестер алды. Әрбір өтініш бойынша заң талаптарына сәйкес нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны айтылды.
 
Бүгінде прокуратура органдарының халықпен ашық диалог орнатуы, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған қабылдаулар өткізуі қоғамдағы сенім деңгейін арттырып келеді. Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.
 
«Заң керуені» акциясы – халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың және қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз етудің тиімді тетігі. Осындай форматтағы кездесулер құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, тұрғындардың заңға деген құрметін арттыруға және құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға қызмет етеді.
 
Алдағы уақытта да тұрғындардың құқықтарын қорғауға, заңдылықты қамтамасыз етуге және азаматтардың өтініштерін уақытылы қарауға бағытталған мұндай іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы байланыс одан әрі жалғасын табатын болады.