«Таза қазақстан » экологиялық акциясы аясында 2100 түп көшет отырғызылды
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде кең қолдау тауып келеді. Бұл игі бастама Сырдария ауданында да қарқынды түрде жалғасып, қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытында нақты істермен көрініс табуда, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгін аудан көлемінде ауқымды тал егу және санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, оған қоғамның барлық санаты белсенді түрде атсалысты. Атап айтқанда, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен өткен шараға мекеме қызметкерлері, ерікті жастар, түрлі ұйым өкілдері және аудан тұрғындары жұмыла кірісті. Бұл – табиғатқа жанашырлықпен қараудың, туған жерге деген жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Экологиялық акция аясында аудан аумағында кең көлемде көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Белгіленген аумақтарда мыңдаған тал көшеттері отырғызылып, жасыл желекті көбейтуге басымдық берілді. Жалпы алғанда, бүгінгі күні 2100 түптен астам көшет егілсе, оның ішінде 1700 түбі арнайы ұйымдастырылған тал егу шарасы барысында отырғызылды. Бұл бастама алдағы уақытта ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, ауаның сапасын арттыруға және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға өз септігін тигізері сөзсіз.
Шараға «ҚазГерМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері, Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мамандары, сондай-ақ белсенді жастар мен еріктілер қатысты. Қатысушылар бірлесе еңбек етіп, көшеттерді талапқа сай отырғызып, олардың күтіміне де ерекше мән берді. Мұндай бірлескен жұмыстар қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастырып қана қоймай, ұжымдық ынтымақтастықты да нығайта түседі.
Сонымен қатар, акция аясында тек көгалдандыру ғана емес, санитарлық тазалық жұмыстары да кеңінен жүргізілді. Аудан орталығы мен барлық елді мекендерде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылды. Меншік түріне қарамастан барлық мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, аулаларды ретке келтірді. Көктемгі абаттандыру аясында гүлзарлар мен жасыл аймақтарды күтіп-баптау, жол жиектерін тазалау және қоршаған ортаны көркейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев өз сөзінде мұндай экологиялық шаралардың маңыздылығына ерекше тоқталып, тазалық пен тәртіп әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта да көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табатынын жеткізді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар – қоршаған ортаға деген қамқорлықтың нақты дәлелі. Табиғатты аялау, туған жердің көркеюіне үлес қосу – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осындай игі істердің нәтижесінде аудан келбеті жаңарып, тұрғындар үшін таза, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасуда.
Алдағы уақытта да сенбіліктер мен көгалдандыру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып, аудан тұрғындары тазалық мәдениетін сақтауға және табиғатты қорғауға белсенді атсалыса береді деген сенім мол. Бірлік пен ынтымақтың арқасында туған өлкенің ажары артып, экологиялық тұрғыдан орнықты дамудың жарқын үлгісі қалыптасары анық.





