Аудан әкімі егіс және бақша алқаптарын аралады
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудан аумағындағы бақша және егіс алқаптарын аралап, маусымдық жұмыстардың барысымен танысты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Алдымен Қазалы қаласының Қарлан беткейіндегі ұжымдық бақшаға барып, тұрғындардың 2 гектарға қауын-қарбыз, 1 гектарға картоп және 3 гектарға көкөніс еккен жұмыстарын көрді. Кейін Ү.Түктібаев ауылындағы Қостам және Қасқа учаскелерінде тұрғындардың бірлесіп игеріп жатқан бақша алқаптарын аралады. Сондай-ақ Майдакөл ауылындағы Құлпыбай учаскесінде 3,5 гектар жерді тиімді игеріп отырған шаруа еңбегімен танысты.
Жұмыс сапары барысында «Агро Өркен» ЖШС-нің күріш және мал азығы дақылдары егілген егістік алқаптары да назардан тыс қалмады. Биыл аудан бойынша 224 гектарға картоп, 951 гектарға көкөніс, 1118 гектарға бақша дақылдары және 2447 гектарға күріш орналастырылды.
Аудан әкімі бау-бақша шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтіп, жауапты сала басшыларына егіс алқаптарын ағын сумен уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі таңда бақша өнімдерінің алғашқы өнімі жиналып, тұрғындарға ұсынылуда.





