Аудан әкімі Тереңөзек кентіндегі абаттандыру жұмыстарымен танысты
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов және облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергеновпен бірге Тереңөзек кентінде атқарылып жатқан абаттандыру және инфрақұрылымдық жұмыстардың барысымен танысты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Аталған іссапар барысында олар бірқатар нысандарды аралап, жұмыс сапасына назар аударып, мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесті.
Алдымен аудан басшысы А.Иманов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстарының жай-күйін көрді. Аталған жобаны жүзеге асыру жұмыстарымен «СП Бірлік Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Бүгінгі күні бұл аулаларда заман талабына сай спорттық ойын алаңдары салынып, балалардың қауіпсіз ойнауына арналған түрлі ойын құрал-жабдықтары орнатылған. Сонымен қатар, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған демалыс аймақтары, орындықтар мен жарық шамдары да орнатылып, ауланың жалпы көрінісі көркейтілуде. Жобаның басты мақсаты — тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Одан кейін аудан әкімі кент көшелерінде салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолдарының құрылыс сапасын тексеріп, жұмыс барысымен танысты. Ағымдағы жылы Тереңөзек кентінде бірнеше көше бойына – атап айтқанда, Ғ.Мұратбаев, Ә.Тәжібаев, О.Абдулпаттаев және Д.Керейтбаев көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы төселуде. Бұл құрылыс жұмыстарын «Шиелі Жолшы» және «Ақнұр-Авто» серіктестіктері жүргізуде. Аудан басшысы аталмыш мердігер мекемелердің өкілдеріне жаяу жүргіншілер жолдарының тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтіп, барлық жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң ескертті.
Сонымен қатар, Тереңөзек кентінің әкіміне аталған жұмыстардың орындалуын күнделікті бақылауда ұстап, сапасын назардан тыс қалдырмау туралы нақты тапсырмалар берілді. Мұндай жұмыстар аудан орталығының инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, өткен жылы да Тереңөзек кентінде ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Атап айтқанда, Д.Қонаев, Р.Алшынбаев, Ж.Құттыбаев, Жеңістің 50 жылдығы, Қ.Бөдеев және Қазақ көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынған еді. Бұл жұмыстар аудан орталығының келбетін жақсартып, тұрғындардың еркін әрі қауіпсіз қозғалуына үлкен мүмкіндік туғызуда.





