АУДАН ӘКІМІ ІҢКӘРДАРИЯ ЖӘНЕ АҚЖАРМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Іңкәрдария және Ақжарма ауылы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстарды тарқатып баяндады, - деп хабарлайды "Experedd" ақпарат агенттігі.
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Іңкәрдария және Ақжарма ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кезекті есепті кездесулерін өткізді. Жиындарға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, сондай-ақ бөлім мен мекеме басшылары қатысты.
Кездесулер барысында аудан басшысы облыс және аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталып, әлеуметтік-экономикалық дамудағы оң өзгерістерді кеңінен атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары аудан көлемінде бірқатар стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді.
Әкім өз сөзінде ауылдық аймақтарды дамытуға ерекше басымдық берілетінін, жол жөндеу, ауыз су жүйелерін жаңғырту, жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары биыл да қарқынды жалғасатынын жеткізді. Әсіресе шалғай ауылдардың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту – ауданның басты мақсаттарының бірі екені атап өтілді.
Соның айғағы ретінде биыл Іңкәрдария ауылына “Үлгілі елді мекен” байқауы аясында 15 миллион теңгенің сертификаты табысталып, бұл қаражат қоғамдық нысандарды жаңғырту мен ауыл келбетін жақсартуға бағытталатыны айтылды. Ал Ақжарма ауылында көптен күткен газдандыру жұмыстарының басталуы ауыл халқы үшін ерекше қуанышты жаңалық болды. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік қолдау, көркейту жұмыстары, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту, ауылішілік жолдар мен көше жарықтары бойынша сауалдар қойылды.
Аудан әкімі әрбір ұсынысты мұқият тыңдап, тұрғындар көтерген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын, барлық сұрақтар бойынша тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берілетінін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындармен тікелей диалог форматы алдағы уақытта да жалғасатыны, ашық және есепті басқару жүйесі – аудан әкімдігінің негізгі ұстанымы екені жеткізілді.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары мен белсенділері атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, алдағы жоспарлардың жүзеге асуына сәттілік тіледі.





