Алматыда оқушылардың жаппай төбелесі видеоға түсіп қалды
103
Желіде 20 ақпан күні оқушылар жаппай төбелеске қатысқаны туралы ақпарат пайда болды, - деп хабарлайды Expressnews.kz ақпарат агенттігі.
Жарияланым авторы 20 ақпанда Алматыдағы сауда үйлерінің бірінде үш мектеп оқушылары қатысқан жаппай төбелес болғанын жазған. Бұл жайт видеоға түсіп қалған.
"Қолда бар ақпаратқа сай төбелестен кейін қатысушылар полицияға арызданбайтын болып келіскен. Алайда тараптардың бірі бұл келісімді бұзған", - делінген жарияланымда.
Нәтижесінде екі мектеп оқушыларын полиция ұстаған.
"Ата-аналар жасөспірімдерді сот шешімінсіз және прокурорлық хаттамасыз арнайы мектепке жібергенін айтады. Наразы болған ата-аналар оларға қарсы арыз жазуға мүмкіндік бермегенін, сол себепті өңірлік бала құқығын қорғау жөніндегі уәкілге жүгінгенін жеткізген", - дейді жазба авторлары.
"Бұзақылық дерегі бойынша Алатау ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Қақтығыстың барлық қатысушысы анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың әрқайсысының іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, ҚР заңнамасына сай шаралар қабылданбақ. Сонымен бірге баласына тәрбие беру міндетін атқармағаны үшін қылмысқа қатысушылардың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Жалпыға ортақ білім беретін мекемелер әкімшілігіне қылмыс себептері мен жағдайларын жою бойынша ұсынымдар жолданды. Оқиғаның барлық қатысушысы Алатау ауданы әкімдігінің жанындағы жасөспірімдер ісі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның есебіне алынды", - деп мәлім етті Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.





