Басықара тоғанындағы балық шабақтары жаздық тоғанға жіберілуде
Соңғы жылдары Қазалы ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға тың серпін беруде. Әсіресе тоғандық балық өсіру бағытындағы жобалар жүйелі түрде іске асырылып, бұл сала ауыл экономикасының маңызды драйверіне айнала бастады, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Соның айқын дәлелі ретінде Басықара ауылында жүзеге асырылып жатқан «Арал Рыбторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауқымды жобасын атап өтуге болады. Жалпы көлемі 464 гектар жерді қамтитын балық тоғаны шаруашылығы 2024 жылы өз жұмысын бастап, бүгінде кезең-кезеңімен дамып келеді.
Жобаның алғашқы кезеңінде, өткен жылдың қазан айында шаруашылық тоғандарына 360 мың дана балық шабақтары әкелініп, арнайы дайындалған қыстық тоғандарға жіберілген болатын. Қазіргі таңда көктемгі маусымға сәйкес, балықтарды қыстық тоғандардан жаздық тоғандарға көшіру жұмыстары ұйымдастырылып, бұл процесс жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Мұндай жұмыстар балықтың табиғи өсуіне қолайлы жағдай жасап, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған шаруашылықтың жұмысымен аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы барып танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаевпен бірге тоғандарға балық жіберу барысын бақылап, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сонымен қатар жоба аясында алдағы міндеттер мен даму бағыттары талқыланды.
Шаруашылық жетекшісі Қуаныш Өмірзақовтың мәліметінше, алдағы күз мезгілінде тоғандардан 500 тоннаға жуық тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Бұл — тек аудан ғана емес, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылатын елеулі үлес. Кәсіпкердің негізгі мақсаты – өсірілген балықты толықтай тауарлы өнімге айналдырып, ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді балық өнімдерімен қамту.
Қазіргі таңда шаруашылықта 4 жаздық тоған жұмыс істейді, оның екеуіне балық жіберу процесі қарқынды жүргізілуде. Алдағы жылдары жобаны кеңейту көзделіп отыр. Атап айтқанда, 2027 жылға дейін қосымша тоғандар іске қосылып, өндіріс көлемі ұлғаяды деп жоспарлануда. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту да басты назарда. Жоба толық қуатына шыққанда 30-ға жуық адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Айта кету керек, «Арал Рыбторг» ЖШС жүзеге асырып отырған бұл жобаның жалпы құны 650 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде 308 миллион теңге кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен қаржыландырылса, қалған 342 миллион теңгеге «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген несие алу жоспарланған. Қазіргі таңда тиісті құжаттар рәсімделу үстінде.
Жалпы алғанда, бұл жоба өңірде балық шаруашылығын дамытуға, отандық өнім көлемін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін көтеруге және экономиканы әртараптандыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Осындай ірі жобалардың жүзеге асуы Қазалы ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға да оң әсерін тигізері сөзсіз.





