"Өшіруімді талап етті": Қазақтың “Жар-жар” әнін өзгертіп айтқан әншінің басы дауға қалды

265

Фото: instagram.com/almasoz Almasoz әлеуметтік желідегі парақшасында Әбдірахман Асылбековтің қызы хабарласып, “Жар-Жар” атты соңғы әнін барлық стриминг платформасынан өшіруін сұрағанын айтты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.

Қызы ән тек әкесінің мәтінімен орындалуға тиіс деп санайтын көрінеді.

Ал Almasoz “Жар-Жар” әуені Асылбековтың мәтінінен әлдеқайда бұрын пайда болғанын және оны бір ғана авторлық нұсқамен шектеуге болмайтын халықтық дәстүр екенін алға тартты.

“Мен неге халықтық “Жар-Жар” әуенін өз интерпретацияммен және мәтініммен орындай алмаймын деп сұрағанда, ол тек әкесінің – Әбдірахман Асылбековтің мәтінімен ғана орындалғанын қалайтынын айтты. Себебі бұл қазір халықтық дәстүр ретінде есептеледі. Мен оған 1949 жылы жазылған “Біржан-Сара” операсында ән Асылбековтің мәтінінен бұрын орындалғанын түсіндірдім. Мен өз құқықтарымды және халық әндерін қорғағым келеді, өйткені қазақтың дәстүрлі әуеніне жеке құқықтарды таңу дұрыс емес”, – дейді әртіс.

Ол сондай-ақ қазақстандық заңгерлерден көмек сұрады.

“Жар-жар” әуені нақты бекітілген мәтіні бар халық әні емес, ол ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр, мәтіні өңірге және орындаушыға қарай өзгеріп отырған, суырып салмалыққа негізделген шығарма. Сондықтан мен де осы дәстүрдің табиғатына адал болып, мәтінді өзім жазуды жөн көрдім. Бұл – менің жүрегімнен шыққан нұсқа, менің тарихым”, – деп жазды ол.

Almasoz бен белгілі ақын әрі әнші Абдрахман Асылбековтің қызының арасында дау туды