«Өнер құдыреті – мәңгілік» атты мерекелік іс–шара өтті

3 652
Фото: Сырдария аудан әкімдігі Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған «Өнер құдыреті – мәңгілік» атты ауқымды мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол кешке мәдениет саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, өнер майталмандары, жас таланттар және аудан тұрғындары қатысып, руханият пен өнердің мәртебесін айшықтаған әсерлі кештің куәсі болды, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
 
Мерекелік шара басталмас бұрын көпшілік назарына ауданның мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттайтын арнайы көрме ұсынылды. Көрмеде мәдени-көпшілік іс-шаралар мен концерттік бағдарламалардан фотосуреттер, өнер ұжымдарының шығармашылық жетістіктері, түрлі байқаулар мен фестивальдерде алынған марапаттар, сондай-ақ сала мамандарының әр жылдары иеленген алғыс хаттары мен дипломдары қойылды. Қонақтар мәдениет қызметкерлерінің ел руханиятын дамыту жолындағы еселі еңбегімен кеңінен танысып, ұлттық өнердің өркендеуіне қосылып жатқан үлеске жоғары бағаларын берді.
 
Салтанатты жиында сөз алған аудан басшысы Берік Сәрменбаев мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен руханиятты дамытудағы маңызды рөліне кеңінен тоқталды.
 
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі» деп мәдениет пен өнердің қоғамдағы орнына ерекше баға берген болатын. Расында, мәдениет – ұлттың рухани өзегі, ал өнер – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұрасы. Бүгінде Сыр өңірінде мәдениет пен руханиятты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Барлық аудандарда бой көтерген «Руханият» орталықтары ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды рухани кеңістікке айналды. Сонымен қатар, «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Достық үйі» ел игілігіне пайдалануға берілді. Өңірде симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би және хор ұжымдарының құрылуы, сондай-ақ Жыраулар үйінің ашылуы – руханият саласына көрсетілген айрықша қолдаудың нақты көрінісі. Өнер және мәдениет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығының табысталуы да шығармашылық иелеріне деген құрметтің айғағы. Президент тапсырмасына сәйкес өңірімізде жаңа драма театры мен Президенттік кітапхананың құрылысы жүргізілуде. Бұл бастамалардың барлығы ел мәдениетінің өрісін кеңейтіп, ұлттық өнердің дамуына тың серпін беретіні анық. Ұлт руханияты жолында аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет қызметкерлеріне аудан жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға шығармашылық табыс, шалқар шабыт және толағай жетістіктер тілеймін, – деді аудан әкімі.
 
Мерекелік шара барысында мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандары марапат төрінен көрінді. Оларға облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары, облыс әкімінің орынбасарының Алғыс хаты, сондай-ақ Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаттары табысталды.
 
Сонымен қатар, мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, руханиятты дамытуға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Еңбек даңқы» төсбелгісі мен аудан әкімінің «Мәдениет жанашыры» төсбелгісі салтанатты түрде табысталып, олардың ел мәдениетін өркендетудегі еңбектері ерекше құрметпен аталып өтті.
 
Кеш соңы аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй, ұлттық және заманауи жанрдағы көркем қойылымдар көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. Өнерпаздардың сахнадағы шеберлігі мен шығармашылық ізденістері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, руханият пен мәдениеттің мәңгілік құндылық екендігін тағы бір мәрте айқындады.