«Жеңіс жолы – ұрпаққа аманат» тақырыбында салтанатты шара өтті
1 891
Мерекелік іс-шараға Берік Сәрменбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Яхия Тасыров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль және Семей полигоны зардаптарын жоюға қатысқан азаматтар, зиялы қауым өкілдері, жастар мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранмен басталып, майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алуға ұласты. Жиналған жұртшылық Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, елге бейбіт өмір сыйлаған батыр бабалардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Сәрменбаев Ұлы Жеңістің тарихи маңызына тоқталып, сұрапыл соғыс жылдарындағы халықтың жанқиярлық ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Аудан басшысы өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Адамзат тарихында теңдессіз ерлік жасаған әкелеріміз бен аналарымыздың қажымас қайсарлығы, ерен еңбегі және көзсіз қаһармандығы халқымыздың жадында мәңгі сақталады» деген сөзін келтіріп, ардагерлер ерлігі – кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге екенін айтты.
Сонымен бірге, аудан әкімі Сыр өңірінен шыққан даңқты батырлар – Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейтовтің есімдері ел жадында әрдайым сақталатынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Сырдария ауданынан Ұлы Отан соғысына 3 мыңға жуық азамат аттанып, олардың жартысынан астамы туған жерге оралмаған. Олар Отан үшін от кешіп, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлады.
Жиында ғасыр жасаған ардагер Яхия Тасыровке ерекше құрмет көрсетілді. 104 жастағы майдангердің өнегелі өмір жолы мен ел үшін жасаған ерлігі көпшілікке үлгі ретінде айтылып, жас буынға патриоттық тәрбие берудің маңыздылығы сөз болды.
Шара барысында соғыс жылдарындағы ерлік пен тылдағы қажырлы еңбек тақырыбында тағылымды сөздер айтылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Патриоттық әндер шырқалып, жас өнерпаздар Отан, ерлік, бейбітшілік тақырыбындағы композицияларды орындады. Бұл көріністер көпшілікке ерекше әсер сыйлап, Жеңіс күнінің қадір-қасиетін терең сезінуге мүмкіндік берді.
Тағылымды іс-шараның негізгі мақсаты – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ұлықтау, тарихи жадымызды жаңғырту, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиет қалыптастыру және бейбіт өмірдің бағасын ұғындыру болды. Жеңіс күніне арналған бұл мерекелік басқосу ел бірлігі мен ұрпақ сабақтастығын айшықтаған рухани мәні зор кездесу ретінде есте қалды.





