ЗАРИНА – АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ, АЛТЫН ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ!

2 985
Фото: SM.kz Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өтіп жатқан бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Индонезия астанасы Джакартада бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының өкілі Зарина Толыбай 80 келіден жоғары салмақта шешуші айқасқа шықты. 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы финалда №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Зарина Толыбай Үндістанның былғары қолғап шебері Пречи Токаспен қолғап түйістіріп, тартысқа толы жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Финалда Үндістан боксшысымен кездесті
Алтын медаль үшін өткен кездесуде Зарина Толыбай Үндістан өкілі Прачи Токаспен жұдырықтасты.
 
Жекпе-жек тартысты басталды. Алғашқы раундта екі боксшы да ринг ортасын бермеуге тырысып, күшті соққыларға басымдық жасады.
 
Бастапқы үш минуттықта Зарина Толыбай қарсыласынан басым көрінді. Қазақстандық боксшы шабуылда да, қорғаныста да жинақы қимылдап, төрешілерді өз жағына қарата алды.
 
Бірінші раунд қорытындысы бойынша төрешілердің бәрі басымдықты қазақстандық спортшыға берді. Есеп — 5:0.
 
Екінші раундта Прачи Токас белсендірек қимылдап, жекпе-жек барысын өзгертуге ұмтылды.
 
Үндістандық боксшы кей сәттерде дәл шабуыл ұйымдастырып, есеп айырмасын азайтуға тырысты. Дегенмен жалпы басымдық әлі де Зарина Толыбайдың жағында қалды.
 
Қорытынды раундта да қазақстандық боксшы қарсыласына толық басымдық бермей, финалдағы артықшылығын сақтап қалды.
 
Қазақстан қыздар құрамасының үшінші алтыны
Зарина Толыбай Қазақстан атынан U19 санатындағы қыздар арасында Азия чемпионы атанған үшінші боксшы болды.
 
Бұған дейін Джакартадағы турнирде Камила Оспанова мен Айдана Убайдуллақызы алтын медаль жеңіп алған еді.
Жеңімпазымызды жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы халықаралық жарыстарда да көк Туымызды биікте желбіретіп, толағай табыстарға жете беруіне тілектеспіз!