«Мерейлі отбасы - 2025» ұлттық байқауында Сырдариялық Әбсадықовтар әулеті үздік атанды
Сыр елінің мерейін асқақтатқан Әбсадықовтар әулеті жеңіске жетті, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Астана қаласында Республика күні қарсаңында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Бұл байқау жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келген үлгілі отбасылардың еңбегі мен бірлігін дәріптеуді мақсат етеді. Биылғы марапаттау рәсіміне барлық өңірлерден облыстық кезеңдердің жеңімпаздары қатысып, өз отбасыларының тарихы мен құндылықтарын таныстырды.
Солардың ішінде Қызылорда облысының намысын қорғаған сырдариялық Әбсадықовтар отбасы мәртебелі байқаудың жеңімпазы атанып, ел мерейін өсірді.
Әбсадықовтар әулетінің отағасы – Жақсылық Дүйсенбайұлы Әбсадықов 1943 жылы дүниеге келген. Ол ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, туған өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер. Жақсылық Әбсадықов «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісінің иегері, сондай-ақ «Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикасының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін» ауданның 90 жылдық мерекелік медалімен марапатталған.
Бүгінде Әбсадықовтар әулеті — 6 бала, 29 немере және 47 шөбере тәрбиелеп отырған үлкен, берекелі әулет. Әр ұрпақ өз саласында адал еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуда. Отбасының ұстанымы – еңбекқорлық, татулық және адамгершілік қағидаттарына негізделген.
Әулет мүшелері ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық құндылықтар мен еңбектің қадірін жас ұрпақтың санасына сіңіріп келеді. Олардың бірлігі мен табысты өмір жолы өзге отбасыларға үлгі болып отыр.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарына арнайы дипломдар, естелік сыйлықтар және ақшалай сертификаттар табысталды. Бұл марапат Әбсадықовтар әулетінің еңбегі мен өнегелі өмір жолына берілген әділ баға болды.
Әбсадықовтар әулетінің жеңісі — Сыр өңірі үшін зор мақтаныш әрі ел руханияты мен еңбек мәдениетінің биік үлгісі.
Бұл жетістік Сыр елінің абыройын асқақтатып, барша қазақстандықтарға отбасылық құндылықтың мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.


