Сырдария ауданында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы басталды

2 842

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Сырдария ауданында өңір экономикасы үшін аса маңызды ірі инвестициялық жобаның іргетасы қаланды. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың, мәслихат депутаттарының, зиялы қауым өкілдері мен ел ағаларының қатысуымен жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы ресми түрде бастау алды. Бұл – аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды бастамалардың бірі, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.

Салтанатты рәсім барысында аймақ басшысы жиналған қауымды жаңа жобаның басталуымен құттықтап, өңірде экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық міндеттер аясында облыста нақты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
– Президентіміз белгілеген экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық бағыттарға сәйкес, аймағымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы тамыз айында Жетісу өңіріне арнайы жұмыс сапарымен барып, еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауытының» қызметімен таныстық. Келіссөздер нәтижесінде серіктестіктің қолдауымен өңірімізде жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыт салу жөнінде маңызды келісімге қол жеткіздік. Бүгін сол бастаманың нақты жүзеге асу кезеңіне қадам басып отырмыз. Бұл – Сырдария ауданының ғана емес, тұтас облыс үшін тарихи сәт, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жаңа өндіріс орны жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдеуге қауқарлы болмақ. Жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын жоба заманауи талаптарға сай жоғары технологиялармен жабдықталады. Зауыт іске қосылғанда 550 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, аудан тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктері ашылады. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және жергілікті экономиканың дамуына серпін береді.
Аталған жобаны жүзеге асыру ауыл шаруашылығы саласына да тың серпін бермек. Биылдан бастап өңірде жүгері егісінің көлемі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде өңірдің аграрлық әлеуеті жаңа деңгейге көтеріліп, шикізатты терең өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыру мүмкіндігі кеңейеді.
Сонымен қатар, жүгеріні терең өңдеуге бағытталған өндірісті дамытуға ниетті шаруаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қаржылай көмек пен жеңілдетілген бағдарламалар арқылы ауыл кәсіпкерлерінің белсенділігі артып, салада жаңа бастамаларға жол ашылады.
Аймақ басшысы өз сөзінде жобаның жүзеге асуына бастамашы болған инвесторларға ерекше алғыс білдіріп, олардың өңір дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ, зауыт құрылысының сапалы әрі уақытылы аяқталып, ел игілігіне қызмет етуіне тілектестік білдірді.Фото: Сырдария аудан әкімдігі 
Рәсім барысында мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов сөз сөйлеп, көпшілікке батасын берді. Ақсақалдың ақ тілегі жаңа бастаманың берекелі болуына деген сенімді арттыра түсті.
Айта кету керек, соңғы жылдары өңірде аграрлық саланы қолдауға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2022-2025 жылдар аралығында бұл бағытқа мемлекет тарапынан 92,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ал биылдың өзінде осы мақсатқа 34 миллиард 800 миллион теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, шаруашылықтар есебінен 58 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 11 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде саланың негізгі қорына тартылған инвестиция көлемі 74 пайызға артты. Бұл көрсеткіш өңірде агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.
Алдағы кезеңге де нақты жоспарлар түзілген. 2026-2028 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленіп, оған жалпы құны 138 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын 17 жоба енгізілген. Бұл бастамалар өңір экономикасын одан әрі нығайтып, жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік береді.
Жалпы, жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 233 миллиард 450 миллион теңгені құраса, биыл оны 240 миллиард 400 миллион теңгеге жеткізу жоспарланған.
Сырдария ауданында бастау алған жаңа зауыт құрылысы – өңірдің индустриялық және аграрлық дамуына тың серпін беретін маңызды жоба. Мұндай ірі бастамалар жергілікті экономиканы әртараптандырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.
Алдағы уақытта да осындай ауқымды жобалардың жүзеге асуы арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтеріліп, ел игілігіне қызмет ететін маңызды нысандар қатары арта беретіні сөзсіз.