Сырдария диқаншылары күзгі жиын-терімді аяқтауға таяу
Тамыз айының соңғы күндерінде басталған егін жинау науқаны қазан айының алғашқы онкүндігінде өз мәресіне жетуге жақын, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Жыл бойғы маңдай тердің өтеуін алуға асыққан Сырдария ауданындағы диқандар ала жаздай атқарған еңбектерінің жемісін көріп, қамбаларын астыққа толтыруда. Күздің салқын лебі сезіле бастаған шақта егістік алқаптарындағы еңбек қызуы саябырсып, ауыл шаруашылығына тиесілі ауыр техникалардың қарқынды қозғалысы да біртіндеп бәсеңдей түсті.
Аудан диқандары тек күрішпен ғана шектелмей, өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өсіріп, қазір молшылықтың мерекесіне дайындық үстінде. Жер-ананың берген ырыс-несібесін шашпай-төкпей жинап алу – қазіргі басты міндет.
Егін көлемі мен дақыл құрылымы
2025 жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 33 145 гектар жерге орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл болып саналатын күріш 19 950 гектар алқапқа егілді. Бұдан бөлек, жаздық бидай 2 000, арпа 40, мақсары 600, күнбағыс 150 гектар жерге егілсе, жаңа жоңышқа 2 200, ескі жоңышқа 7 400 гектарды құрады. Ал картоп, көкөніс және бақша дақылдары 805 гектар алқапта өсірілді.
Су тапшылығы биыл да шаруаларды біраз алаңдатқанымен, олар оптимизм мен сенімділікті жоғалтпады. Жоспарлы межеден ауытқымауға тырысып, барлық күш-жігерін жұмылдырған диқан қауымы бұл қиындықтан да сүрінбей өтті. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы кәсіби біліктілік пен ұтымды басқарудың нәтижесінде алға ілгерілеп келеді.
Күріш – басты дақыл
Ауданның негізгі дақылы – күрішке ерекше мән берілген. Биылғы көктемде 6 303 тонна күріш тұқымы себілді. Егістік алқаптарына «Лидер» сорты 11 121 гектарға, «Маршал» 3 151, «Янтарь» 2 790, «Каурис» 1 731, «Яхонт» 1 117 және «Айсара» сорты 40 гектар жерге егілді. 17 000 гектар күріш алқабы тыңайтқыштармен қоректендіріліп, 18 500 гектарға арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Шөп, бидай, майлы дақылдардан да мол өнім жиналды
Шаруашылық құрылымдары жоңышқа дақылының 6 455 гектарынан үш орым арқылы 20 010 тонна мал азықтық шөп жинады. Орташа өнім гектарына 31 центнерді құрады. Сонымен қатар, 2 000 гектар жаздық бидайдан 1 270 тонна, 40 гектар арпадан 2 тонна, 600 гектар мақсарыдан 144 тонна, 150 гектар күнбағыстан 3 тонна өнім жиналды. Бұл – өңірдегі ауыл шаруашылығының әртараптандырылып жатқанын көрсетеді.
Техника мен жанар-жағармай жеткілікті болды
Күзгі егін жинау жұмысына 894 дана ауыл шаруашылығы техникасы тартылды. Оның ішінде 170 комбайн, 91 жатка, 376 трактор, 194 тіркеме және 63 жүк көлігі бар. Жұмыс қарқыны үзілмес үшін 2 730 тонна жанар-жағармай бөлініп, дизель отыны шаруаларға 254 теңге литр бағасымен жеткізілді. Бұл жұмысты «Жібек жолы ЛТД» және «РК Мұнай» ЖШС сынды операторлар жүзеге асырды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейітовтің айтуынша, барлық қажетті жағдайлар жасалып, диқандар алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік алды.
Науқан қорытындысы
Қазіргі таңда негізгі дақыл – күріштің 19 950 гектары толық орылып, 19 030 гектары бастырылды. Бұл – бастыру жұмысының 95,4 пайызға орындалғанын көрсетеді. Жалпы 112 277 тонна астық жиналды, орта өнім гектарына 59 центнерден айналуда. Бұл – айтарлықтай жақсы көрсеткіш.
Аудан диқандары 15 қазанға дейін күзгі егін жинау жұмыстарын толық аяқтауды көздеп отыр. Биылғы нәтижелер ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстың, кәсіби шеберліктің және табиғатпен үндесе еңбек етудің нақты айғағы іспетті.





