Ардагер ұстаздарға мерекелік қабылдау өткізілді
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Ұстаздар күні мерекесінде білім саласының ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Мерекелік қабылдауға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып және білім саласының ардагерлері қатысты.
Аудан басшысы мерекелік қабылдауда ұстаздық үлкен қасиет екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген құрметімен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болады» деп атап өтті. Президентіміздің тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен білім саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Балалар мен жасөспірімдерге арналған физика-математика мектеп-интернаты, «Оқушылар үйі», «Өнер мектептері», «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, Музыкалық колледж секілді ғимараттар ел игілігіне табысталды. Сіздер – еліміздің алтын қазығы саналатын білім беру жүйесінің негізін қалаған буын өкілдерісіздер. Ел боламын десек, ең алдымен ұрпағымыз білімді, тәрбиелі, отаншыл болуы керек дейміз. Міне, осы ұлы міндетті Өздеріңіз арқалап, бірнеше буынға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, ұлт келешегінің іргетасын қаладыңыздар. Сіздер – тек мектептегі жұмыстарыңызбен ғана емес, өмірлік ұстанымдарыңызбен, кішіпейіл де кең жүректеріңізбен де жас ұрпаққа үлгі болдыңыздар. Қазір де жастарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестеріңізді айтып, қоғамдық өмірге белсене араласып келесіздер. Ауданның білім саласының дамуында Өздеріңіздей ардагер ұстаздардың еңбегі өлшеусіз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, ардагер ұстаздар мерекелік лебіздерін жеткізді. Қабылдау барысында ардагер ұстаздар аудан әкімінің Құттықтау хатымен марапатталып, сый-құрмет көрсетілді.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, аудан педагогтерін төл мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы мемлекет дамуында ұстаздардың еңбегі зор екенін атап өтті.
– Мектепті жас ұрпақ білім алатын бастау десек, мұғалім – Тәуелсіздікке тірек болар сол бастаудың басты тұлғасы. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» дегендей, біздер үшін білікті ұстаздар бәрінен де қымбат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты» деп мұғалімдер мәртебесінің биік екенін атап көрсетті. Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сол себепті мемлекет дамуында білім саласы әркез жаңашылдықты талап етеді. Бұл жауапкершілік ең алдымен ұстаздарға жүктелетіні анық. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев өңірдің білім саласына ерекше көңіл бөлуде. Соңғы үш жылда салаға 812 млрд. теңге, биыл 347 млрд. теңге қаралды. Қаржыландырудың барлық көзінен өткен жылы 32 млрд. теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. Мемлекет басшысының бастамасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облысымызда 10 мектеп салынып, пайдалануға берілуде. Соңғы үш жылда аймағымызда 5,3 млрд. теңгеге 15 мектептің ғимараты күрделі жөнделді. Балалардың қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында үш жылда 4 «Оқушылар үйі» мен 2 «Өнер мектебі» салынып, бүгінде зияткер жас ұрпаққа қызмет етуде. Қазір қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағында жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері, Ботаникалық білім беру орталығы салынуда. Бұл – өңірдегі білім саласын дамытудағы ауқымды жұмыстар. Биыл аймақ басшысының қолдауымен Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп 309 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілсе, 240 млн. теңгеге 7 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді. Аудан орталығындағы №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейіне «Қазақстан Ұлттық қорынан» 250 млн. теңге бөлініп, модификациялық кабинеттер жасақталуда. Білім саласындағы жетістіктер аудан ұстаздарының қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан ұстаздар қауымына шынайы алғысымды білдіремін және жоғары жетістіктер биыл да жалғасады деп сенемін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Бүгін Қызылорда қаласында облыс әкімінің қатысуымен өткен Ұстаздар күніне арналған арнайы салтанатты іс-шарада ауданымыздың білікті ұстаздары марапат тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, ең жоғары марапаттардың бірі – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің ұстазы Тәжібаева Айгүл және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің ардагер ұстазы Әбенова Шолпан мен пән мұғалімі Сағымбай Ләйла марапатталды.
Мерекеде ұстаздар Оқу ағарту Министрінің "Алғыс хатымен", Қызылорда облысы әкімінің және аудан әкімінің "Құрмет грамотасы" және "Алғыс хатымен", облыстық білім басқармасының "Құрмет грамотасымен" марапатталды.
Мерекелік салтанатта ұлағатты ұстаздардың құрметіне аудан әкімінің ықылас гүлі қойылып, концерттік бағдарлама ұсынылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.





