Шетелде оқитын қазақстандық студенттер мемлекетке салық төлеуі тиіс
2024 жылы өзге елде білім алған қазақстандық студенттер биыл декларация тапсырып, шәкіртақысының 10 пайызынан салық төлеуі тиіс, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстанда қарапайым халық декларация тапсырудан босатылса да, шетелде табыс тапқандарға бұл талап күшінде қалған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, шетелдік қаржы көзінен қаржыландырылып, шәкіртақы алған қазақстандық студенттер “кірістер мен мүлік туралы” декларацияда шәкіртақы көлемін көрсетуі керек. Сәйкесінше оның 10%-ын жеке табыс салығы ретінде төлеуі қажет. Ал “Болашақ” сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шәкіртақы алғандар салықтан босатылады.
Мамандардың айтуынша, 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес шетелден шәкіртақы алатын тәлімгерлерге салық салынбайды.





