«Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті
2 141
Рухани кештің басты мақсаты – Сырдария ауданының бай тарихын, ұлттық болмысын, мәдени мұрасы мен тағылымды тағдырын кейінгі ұрпаққа насихаттау, туған жерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыру болды. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген шара барысында ауданның өткені мен бүгіні сабақтастықта сараланып, тарихи жадыны жаңғырту мәселелері кеңінен қозғалды.
Салтанатты жиынға арнайы қатысқан Нұрмат Мансұр, Жұмабай Байзақұлы, Айжан Абдуллаева, Асхат Қожакелдіұлы және өзге де зиялы қауым өкілдері жаңа кітаптың мазмұны мен маңыздылығына тоқталып, жылы лебіздерін білдірді.
Жиын барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Сәрменбаев аталмыш еңбектің аудан шежіресін жүйелеп, ұлт тарихын ұлықтайтын құнды туынды екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, кітапта Сырдария ауданының сан ғасырлық тарихы ғылыми негізде зерделеніп, тарихи деректер мен ел аузындағы құнды мәліметтер жинақталған. Сонымен қатар еңбекте ел бірлігі, ұлтқа қызмет еткен тарихи тұлғалардың өнегелі өмір жолы, туған жердің табиғаты мен мәдени мұрасы кеңінен қамтылған.
Аудан басшысы Сырдария өңірінің тамыры тереңде жатқан тарихи мекен екенін айтып, бұл қасиетті топырақтан елге танылған батырлар мен билер, ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері шыққанын тілге тиек етті. Осындай тағылымды еңбектің жарық көруі – аудан тарихына деген құрметтің және келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін жеткізді. Сондай-ақ жаңару мен жаңғыру кезеңінде рухани мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тарихи сананы қалыптастыру аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан ғалымдар, зерттеушілер, өлкетанушылар, музей қызметкерлері мен қаламгерлердің еңбегі ерекше аталып, аудан халқының атынан ризашылық білдірілді. Аудан әкімі бұл еңбектің туған жер тарихын тануға, жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттыруға және ұлттық рухты нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.
Сонымен қатар Жұмабай Байзақұлы, Марат Омаров, Айжан Абдуллаева және Асхат Қожакелдіұлы сөз сөйлеп, жаңа туындының тарихи-танымдық маңызына кеңінен тоқталды. Олар бұл кітаптың ел тарихын түгендеуге, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, жас ұрпақтың туған жерге деген құрметін арттыруға қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Кеш барысында кітап беттерінен сыр шертіліп, аудан тарихына қатысты тың деректер мен тағылымды естеліктер айтылды. Рухани шара барысында қатысушылар Сырдария өңірінің өткені мен бүгініне қатысты мазмұнды ой бөлісіп, тарихи сабақтастықтың маңызын ерекше сезінді.
Тағылымға толы рухани кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлап, жаңа кітаптың тұсауын кесу рәсімі аудан өміріндегі маңызды мәдени оқиғалардың біріне айналды. Жиналған қауым жаңа туындыға жоғары бағасын беріп, мұндай еңбектердің ұлттық руханиятты дамытудағы орны айрықша екенін атап өтті.





