Аудандық білім бөлімінде алқа мәжілісі өтті

2 692

 Фото: Сырдария аудан әкімдігі Жақында білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.

Жиынға аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Төлепбергенұлы төрағалық етіп, оған мектеп директорлары, бөлім мамандары және салаға жауапты қызметкерлер қатысты. Бұл басқосу білім беру жүйесіндегі ағымдағы жағдайды саралап, алдағы міндеттерді нақтылауға бағытталды.

Мәжілістің күн тәртібінде білім сапасын арттыруға тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, наурыз айында өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері жан-жақты талданып, оқушылардың білім деңгейін көтеру бағытында атқарылуы тиіс жұмыстар айқындалды. Сонымен қатар, мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету сапасы мен ұйымдастырылу барысы да назарға алынды. Бұл бағыттағы санитарлық талаптардың сақталуы мен тамақтану сапасын бақылау мәселелері ерекше атап өтілді.

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Жиында педагог қызметкерлерді аттестаттау үдерісінің барысы да қарастырылып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, олардың санаттарын көтеру бағытындағы жұмыстарды жүйелеу қажеттігі айтылды. Сонымен бірге, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен жүргізіліп жатқан әлеуметтік-педагогикалық жұмыстардың нәтижелері тыңдалып, бұл санаттағы балаларға қолдау көрсету шараларын күшейту тапсырылды.

Мәжіліс барысында жазғы демалыс маусымын ұйымдастыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Оқушылардың жазғы тынығу лагерлеріндегі қауіпсіздігі, бос уақытын тиімді өткізуі және демалысты мазмұнды ұйымдастыру бағытында нақты жоспарлар қарастырылды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, мектептерде тәртіп пен қауіпсіздік шараларын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.

Бұдан бөлек, күн тәртібінде бірқатар ағымдағы ұйымдастырушылық мәселелер де қамтылды. Атап айтқанда, 1-сыныпқа оқушыларды қабылдау процесінің барысы, мектептердің ішкі және сыртқы санитарлық тазалығы, абаттандыру жұмыстары, сондай-ақ «Үздік ұйым» байқауының ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар, педагогикалық әдеп нормаларын сақтау, мұғалімдер арасындағы кәсіби мәдениетті нығайту бағытында да нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мәжіліс қорытындысында көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданып, тиісті тапсырмалар берілді. Әрбір бағыт бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, орындалу мерзімдері нақты айқындалды. Сонымен қатар, берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді.

Білім бөлімі басшылығы тарапынан алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың орындалу барысы тұрақты түрде қадағаланып, жүйелі мониторинг жүргізілетіні атап өтілді. Мұндай алқа мәжілістері білім беру саласындағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды шешуге мүмкіндік беріп, жалпы білім сапасын арттыруға ықпал етпек.