Мектептердегі жөндеу жұмыстары бақылауда
2 583
Аудан басшысы нысандардағы жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзіміне назар аударып, жауапты мамандар мен мердігерлерге тиісті тапсырмалар берді.
Ақсуат ауылындағы №100 мектептің шатырын жаңартуға биыл 49 млн теңге бөлінген. Жұмысты «СК Ризалит» ЖШС атқаруда. Қазіргі таңда шатырдың ағаш конструкциялары толық ауыстырылып, су ағар жүйесі орнатылған. Жөндеу жұмыстарының 65 пайызы аяқталған. Алдағы кезеңде қаңылтыр жабынды төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Нысанды аралау кезінде аудан әкімі ауыл ақсақалдарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ақсақалдар мектеп шатырының ұзақ уақыттан бері өзекті мәселе болғанын айтып, жөндеу жұмыстарының басталғанына ризашылықтарын білдірді.
Ал Әйтеке би кентіндегі №165 мектепте спорт залы мен асхананың едендерін жаңарту жоспарланған. Бұл мақсатқа 48 млн теңге қарастырылып, жөндеу жұмыстарын «Qaz General Engineering» ЖШС жүргізуде. Аудан әкімі мердігерге жұмыстарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Айта кетейік, биыл ауданда алты мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олар – Жанқожа батыр атындағы №70, С.Сейфуллин атындағы №165, Қ.Сәтбаев атындағы №216, Қ.Нұрмаханов атындағы №95, Ақсуат ауылындағы №100 және Ү.Түктібаев ауылындағы Б.Әбдіразақов атындағы №88 мектептер.





