Мамырдан кейін ҰБТ-да бейіндік пәндерді ауыстыру мүмкін емес

1 664

Астана қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты бірқатар маңызды түсіндірме берді, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.


Спикердің айтуынша, талапкерлер өтініш қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін өздерінің жеке кабинеті арқылы бейіндік пәндерін өзгерте алады. Дегенмен бұл талап барлық тестілеу кезеңіне бірдей қолданылмайды.


Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін ҰБТ кезінде пәндер комбинациясын ауыстыруға рұқсат беріледі. Ал мамыр–шілде айларындағы негізгі тестілеуде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Яғни үміткер алғашқы мүмкіндікте таңдаған бейіндік пәндер жиынтығын екінші рет өзгерте алмайды. Мәселен, бірінші тапсыруда математика–информатика бағытын таңдаса, келесі мүмкіндікте басқа комбинацияға ауысу мүмкін емес. Ал қыста химия–биологияны таңдап, көктемде математика–информатикаға көшуге болады.


Сонымен қатар, брифинг барысында ҰБТ сертификатының жарамдылық мерзімі де нақтыланды. 2026 жылы берілген сертификат сол жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана күшінде болады. Яғни құжат тест тапсырылған жылдың соңына дейін жарамды.


Бұдан бөлек, қаңтар немесе наурыз айларында шекті балл жинай алмаған талапкерлердің негізгі тестілеуге қатысуына ешқандай шектеу қойылмайды. Әрбір кезеңге тіркелу бөлек жүргізіледі және олардың нәтижелері бір-біріне ықпал етпейді. Әр сынақ қорытындысы бойынша жеке сертификат табысталады.