Сәтжан Аблалиев көлік вице-министрі қызметінен босатылды
Желіде Сәтжан Аблалиевтің көлік вице-министрі қызметінен босатылғаны туралы ақпарат тарады. Үкіметтің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің сайтындағы "Құрылым" бөлімінде де Сәтжан Аблалиев туралы ақпарат жоқ.
Ал бірер күн бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті көлік вице-министрінің ұсталғаны туралы хабарлағанын жазған едік. Ол сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілінген. Алайда ұсталған адамның аты-жөні жарияланбады.
1996 жылдан 2004 жылға дейін Қазақ көлік және коммуникация академиясында жұмыс істеген. Ұзақ жыл бойы Көлік және коммуникация, Инвестициялар және даму, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің құрылымында қызмет атқарған. Көлік вице-министрі қызметіне тағайындалғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.





