Референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан қазалылық азаматтар марапатталды
2 582
Жақында Қазалы ауданында еліміз үшін тарихи маңызы бар оқиға – жаңа Конституцияға арналған республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге белсене атсалысқан қазалылық азаматтарға құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Жалпыұлттық Коалициясының төрағасы Ерлан Қошановтың және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың да «Алғыс хаттарын» салтанатты түрде табыстады.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында аудан басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы ұлттық жаңғыруымыздың жаңа кезеңіндегі бұл маңызды референдумды өткізуге қосқан қазалылықтардың ерен еңбегіне шынайы алғысын білдірді.
"Өздеріңізге белгілі, 15 наурызда халқымыз жаңа Конституцияға арналған Референдумға белсенді қатысып, мемлекетіміздің келешек тағдырын айқындады," – деп бастады сөзін аудан әкімі. Ол Елордада өткен салтанатты шарада Президенттің Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталып, Ата Заңымыздың мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген Жалпыұлттық коалиция мүшелері мен азаматтарға алғысын жеткізгенін еске салды.
Сондай-ақ, аудан басшысы: "Дана халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаған. Осы ретте, үлкен ауызбіршіліктің, ынтымақтың үлгісін көрсетіп, саяси маңызды науқанға белсене қатысқан қасиетті Қазалы ауданының жұртшылығына шынайы алғысымды білдіріп, ризашылығымды жеткіземін. Егемен еліміздің жарқын болашағы жолындағы істеріміз табысты болсын! Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!" – деп шараны қорытындылады.
Салтанатты жиында аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов сөз сөйлеп, саяси науқанның табысты өтуіне елеулі үлес қосып, жоғары марапаттарға ие болған азаматтарды құттықтады. Олар Президент бастамасымен, ел-халықтың қолдауымен мемлекетіміздің жарқын болашағына бағытталған игі істердің нәтижелі жүзеге асуына тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Ақордада өткен салтанатты жиында Президентіміз бүкіл халық атынан жаңа Ата Заңымызға, «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Енді Конституция күні мемлекеттік мереке ретінде елімізде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтілетін болады. Бұл – еліміздің тарихындағы жаңа әрі маңызды кезеңнің бастауы.





