Сырдария ауданында өзекті мәселелер талқыланған әкімдік отырысы өтті

1 483

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Сырдария ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаевтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Отырысқа бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала мамандары қатысты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.


Күн тәртібіне бірнеше өзекті мәселе енгізіліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін бағыттар жан-жақты қаралды.

Ауыл шаруашылығы санағының қорытындысы шығарылды

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе — 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындысы туралы аудандық статистика басқармасының басшысы Сейілхан Төлегенов баяндама жасады.

Оның айтуынша, биылғы ауыл шаруашылығы санағы 2025 жылдың 1 тамызынан 20 қазанына дейін екі кезең бойынша жүргізілді. Бірінші кезең — 1–31 тамыз аралығындағы онлайн-санақ, ол sanaq.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырылған. Онлайн форматта 1374 шаруашылық пен шаруа қожалығы тіркеліп, олардың 97 пайызы өз деректерін толық тапсырған.

Екінші кезеңде интервьюерлер мен нұсқаушылар тұрғын үйлерді аралап, жеке сұхбаттар жүргізді. Бұл жұмыс 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтті. Жалпы 6954 үй шаруашылығы санақтан өтіп, мәліметтер толық жиналды.

– Санақ барысында ешқандай төтенше жағдайлар тіркелмеді. Жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталды. Бұл – аудандағы санақшылар мен нұсқаушылардың жоғары жауапкершілігінің нәтижесі, – деді Сейілхан Төлегенов.

Аудан басшысы ауыл шаруашылығы санағының қорытындылары алдағы уақытта өңірдің аграрлық әлеуетін арттыру, субсидиялау және мемлекеттік қолдау шараларын жоспарлауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Ауызсумен қамту мәселесі – тұрақты бақылауда

Күн тәртібіндегі екінші мәселе — тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жайында болды. Бұл бағытта «Сыр суы» мекемесінің басшысы Бауыржан Жұмамұратов баяндама жасап, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.

Қазіргі таңда Сырдария ауданында 19 су кешені, 33 ұңғыма, 16 су жинау қоймасы, 19 су мұнарасы жұмыс істейді. Сонымен қатар 238 шақырымнан астам су тарату құбыры, 204 өрт сөндіру гидранты және 2790 су құдығы бар. Барлық су нысандарында хлораторлық қондырғылар орнатылған.

– Аудан тұрғындары тәулік бойы үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етілген. Барлық су мұнаралары мен насос станциялары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында жүйелі профилактикалық тексерулер жүргізілуде, – деді мекеме басшысы.

Берік Сәрменбаев бұл бағыттағы жұмыстарды ерекше назарда ұстау қажеттігін айтып, инженерлік желілердің тозу деңгейін азайту және сумен жабдықтау сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Қалжан ахун ауылдық округіндегі жұмыстар мен алдағы міндеттер

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе — Қалжан ахун ауылдық округінде атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жөнінде болды. Бұл туралы ауыл әкімі Мақсұт Қаратаев баяндама жасап, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарына тоқталды.

Ол өз сөзінде жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, және білім беру салаларында атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалармен таныстырды.
Ауылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артқан, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында тұрақты нәтиже бар. Сонымен қатар ауыл ішілік жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытында нақты істер қолға алынған.

Аудан басшысы нақты тапсырмалар жүктеді

Отырысты қорытындылаған аудан әкімі Берік Сәрменбаев күн тәртібінде қаралған әрбір мәселе бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Әр сала басшысы өз бағытындағы жұмысты жүйелі жүргізуі тиіс. Бюджет қаржысының игерілуі, салық түсімдерінің толық орындалуы, жылу беру маусымының тұрақтылығы және елді мекендердің санитарлық тазалығы – тұрақты бақылауда болады, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын үздіксіз ұйымдастыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, коммуналдық және әлеуметтік салалардағы кемшіліктерді дер кезінде жою жөнінде нақты нұсқаулар берілді.

Әкімдік отырысы жұмыс тәртібінде өтіп, ауданның дамуына бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.

Соңғы жаңалықтар