Аудан әкімі Сарбұлақ ауылында тұрғындармен кездесу өткізді
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жұмыс сапарымен аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Сарбұлақ ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Кездесудің негізгі мақсаты – елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде ақпарат беру болды.
Жиын барысында аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қолға алынған ауқымды реформаларға тоқталды. Сондай-ақ 1 шілдеден бастап ресми күшіне енетін Жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Ата заңның маңызы, конституциялық өзгерістерді жүзеге асырудағы қоғамның бірлігі, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы, «Адал адам» құндылықтарын дәріптеу, «Заң мен тәртіп» қағидаты және ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалар туралы кеңінен әңгімеледі.
Сонымен қатар облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың жетекшілігімен Қызылорда өңірінде және ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жайында ақпарат берді. Оның айтуынша, бүгінде аудан көлемінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, мәдениет және денсаулық сақтау салаларын дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды көгілдір отынмен қамту, сапалы ауыз су жеткізу, электр желілерін жаңарту және жолдардың жай-күйін жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныстарын жеткізді. Солардың бірі – елді мекендегі электр желілерінің әбден тозуына байланысты жиі орын алатын электр қуатының үзілуі болды. Тұрғындар бұл мәселені шешу үшін электр желілерін жаңғырту жұмыстарын қолға алуды сұрады.
Аудан әкімі бұл мәселенің назардан тыс қалмағанын айтып, соңғы жылдары аудан көлемінде электр инфрақұрылымын жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылдан бері бірнеше елді мекенде электр желілерін қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазалы қаласы, Қожабақы және Ү.Түктібаев ауылдарындағы электр желілері жаңартылып жатыр. Сонымен бірге Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында орналасқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында жаңа қосалқы станса салу жұмыстары жүргізілген.
Осы бағыттағы жұмыстар Сарбұлақ ауылында да жалғасатынын айтқан аудан басшысы қазіргі таңда ауылдың электр желілерін толық жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, салалық министрлікке ұсынылғанын хабарлады. Қаржы бөлінген жағдайда жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тозығы жеткен электр желілері толықтай жаңартылатынын атап өтті. Сонымен қатар мұндай жұмыстар ауданның басқа да елді мекендерінде жоспарлы түрде жалғасатынын жеткізді.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты өзге де ұсыныстар мен пікірлер айтылып, олар бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Аудан әкімі көтерілген барлық мәселе назарға алынып, заң талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Кездесу соңында Алмасбек Есмаханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының маңыздылығына арнайы тоқталды. Ол қоршаған ортаны таза ұстау, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, туған жердің тазалығына жанашырлықпен қарау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін айтып, ауыл тұрғындарын экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және елді мекеннің көркеюіне белсенді атсалысуға шақырды.
Кездесу қорытындысында ауыл ақсақалдары мен тұрғындары аудан әкімінің шалғайдағы елді мекенге арнайы келіп, халықпен ашық пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін тыңдағанына ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы жан-жақты мәлімет бергені үшін алғыстарын айтып, қолға алынған бастамалардың ел игілігі үшін нәтижелі жүзеге асуына тілектестіктерін жеткізді.





