Қазалы ауданының даму қарқыны бәсеңдеген жоқ

3 014

Фото: Қоғамдық даму басқармасы Қазалы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты сақталып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданның негізгі салаларында оң өсім қалыптасып, бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.


Алты айдың қорытындысында өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс және тұрғын үй салаларында өсім байқалды. Сонымен қатар ауданның өз кірістері жоспардан жоғары орындалып, жергілікті бюджеттің тұрақтылығы қамтамасыз етілді.

"Инвестициялық жобалар да аудан экономикасына серпін беруде. Соның ішінде Басықара ауылындағы тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы өңірдің балық шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасының да маңызы зор. Бағдарлама аясында көптеген тұрғын өз кәсібін бастап, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілуде", - деді аудан әкімі.


"Қазалы ауданы дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығына бейім өңір ретінде егін шаруашылығын әртараптандыруға басымдық беріп келеді. Биыл диқандар дәнді, майлы, көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарды егіп, су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге ден қоюда.
Сонымен қатар ауданның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Магистральдық коллекторлар мен каналдарды қайта жаңғырту және тазалау жұмыстары егін алқаптарын сумен тұрақты қамтамасыз етуге және су ресурстарын тиімді басқаруға негіз қалайды. Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің қолдауының арқасында ауданда ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Біз үшін ең маңыздысы халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа талаптарға бейімдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады", – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.