АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1 473

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Үкімет отырысынан кейін аудан әкімдігінде аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған кеңес өтті, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі. 


Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Өнеркәсіп саласында елеулі өсім байқалады

Кеңес барысында аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы ағымдағы жылдың тоғыз айында қол жеткізілген негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, олардың орындалу барысын саралады. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында аудан өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 77,3 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78,4 пайызға артық. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 млрд. теңгені құрап отыр. Аталған өсім аудан экономикасындағы өнеркәсіп секторының белсенділігін және өндірістік әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы тұрақты даму үстінде

Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында да оң динамика байқалады. Сала бойынша жалпы өнім көлемі 20,5 млрд. теңгені құрап, жоспар 101,1 пайызға орындалды. Бұл – аудан агросекторының жүйелі дамып жатқанын білдіреді. Өсім ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тиімді жұмысын, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерінің нәтижелілігін көрсетеді.

Инвестиция көлемі артып келеді

Аудан экономикасына құйылған инвестициялар көлемі де айтарлықтай артты. Ағымдағы жылдың тоғыз айында негізгі капиталға 52,3 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш ауданның инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін және бизнестің, инвесторлардың сенім артып отырғанын айғақтайды.

— «Біз ауданға инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Бұл – аудан дамуына серпін береді, жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбірек құрылады», – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.

Құрылыс және тұрғын үй саласы өсуде

Тұрғын үй құрылысында да ілгерілеу бар. 2025 жылдың тоғыз айында аудан аумағында жалпы көлемі 20,5 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жоспардың 101,3 пайызға орындалғанын білдіреді. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 17,8 млрд. теңгеге жетіп, 101,6 пайызға орындалды. Аудан орталығы мен ауылдық елді мекендерде жаңа нысандар салынып, инфрақұрылым жақсара түсуде.

Сауда айналымы тұрақты деңгейде

Бөлшек сауда көлемі бойынша да оң көрсеткіш сақталуда. 2025 жылдың 1 қазанына дейінгі есеп бойынша бөлшек сауда көлемі 2,3 млрд. теңгені құрап, жоспар 100 пайызға орындалған.

Әлеуметтік тұрақтылық – басты назарда

Жиын барысында аудан әкімі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, қысқы жылу маусымына дайындық жайы да қозғалды.

— «Коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуі – басты міндет. Жылу маусымында ешқандай мәселе туындамауы керек. Барлық тиісті мекемелер дайындықты пысықтап, төтенше жағдайлардың алдын алуға толық әзір болуы тиіс», – деді аудан басшысы.

Міндеттер мен тапсырмалар

Кеңес соңында аудан әкімі Берік Сәрменбаев барлық көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуы керектігін қатаң ескертіп, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Ол барлық бөлімдер мен құрылымдық мекемелердің өзара үйлесімді жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар