Көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде

3 581
Фото: Сырдария аудан әкімдігі Берік Сәрменбаев облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергеновмен бірге «Қызылорда – Жалағаш» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 47,9 шақырымында орналасқан көпірге арнайы барып, күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
 
Аталған нысан – аудан тұрғындары мен жол қатынасын пайдаланушылар үшін стратегиялық маңызы жоғары көлік инфрақұрылымдарының бірі. Сондықтан көпірді жаңғырту жұмыстары көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол сапасын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
 
Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жоба аясында көпірдің негізгі тірек конструкцияларын күшейту, ескі бөліктерін жаңарту, жол жамылғысын ретке келтіру және қауіпсіздік талаптарына сай инженерлік жүйелерді жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар көпірдің техникалық мүмкіндігін арттыру мен ұзақ мерзімді пайдалануға бейімдеу мақсатында заманауи құрылыс талаптары ескерілген.
 
Жөндеу жұмыстары барысында құрылыс алаңындағы техника мен жұмысшылардың ұйымдасу деңгейі, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы және белгіленген кестеге сәйкестігі аудан басшысының назарында болды. Аудан әкімі нысанның маңыздылығын ескере отырып, барлық жұмыстың сапалы әрі жауапкершілікпен орындалуы қажет екенін айтты.
 
Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын Сервис НС жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Ал техникалық қадағалаушы мекеме ретінде Ақмешіт Элит Строй ЖШС бекітілген. Құрылыс жұмыстарының жалпы ұзақтығы 6 айды құрайды. Осы уақыт аралығында нысан толық жаңғыртылып, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
 
Тексеру барысында Берік Сәрменбаев мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды және барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар жол қозғалысына қолайсыздық туғызбау, айналма жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың алаңсыз қатынауына жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
 
Аудан басшысы көлік инфрақұрылымын дамыту – халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін айтып, өңірдегі жолдар мен инженерлік нысандарды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне мүмкіндік жасайды.