«Аудан әкімі Қожабақы ауылындағы құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалады».
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлішпен бірге «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қожабақы ауылында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда мердігер мекеме – «Намыс-Құрылыс» ЖШС ғимараттың негізгі құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, ішкі әрлеу, сырлау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар ғимарат алдындағы тас төсемдер мен кафель плиткаларын төсеу жұмыстары атқарылуда. Инженерлік желілер толық тартылған. Нысанды пайдалануға беру бағытындағы өзге де жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Спорт кешенінің жалпы құны – 537,1 млн теңге.
Мұнан соң аудан басшысы «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» автомобиль жолының 32,1 шақырымындағы көпірді күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап көрді. Жобаға сәйкес жаңа көпірдің ұзындығы 21,69 метрді, ал өткелдің жалпы ұзындығы 375,13 метрді құрайды.
Қазіргі уақытта мердігер мекеме – «Гүлнұр МК» ЖШС жаңа көпір құрылысына қажетті жабдықтарды құрылыс алаңына толық жеткізген. Көпір жанынан айналма жол мен уақытша су өткізу құбырлары салынған. Бүгінде арматура тоқу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы күндері темір-бетон қадаларды жердің терең қабатына қағу жұмыстары басталады.
Құрылыс нысандарын аралау барысында аудан әкімі мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырып, халық үшін маңызды жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Спорт кешенінің құрылысы маусым айына дейін, ал көпір құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс.





