Аудан басшысы «Шаған жер» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралады
2 005
Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының су ресурстарын тиімді пайдалану және суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданда ауыл шаруашылығы саласында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында аудан әкімі Берік Сәрменбаев Шаған ауылындағы «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы барып, шаруашылықтың өндірістік әлеуетімен, егіс алқаптарындағы жұмыстардың барысымен танысты.
Бүгінде «Шаған Жер» ЖШС аудан көлеміндегі ірі әрі тұрақты жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі саналады. Шаруашылықтың негізгі қызмет бағыты – егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру. Көпжылдық тәжірибесі мен еңбеккерлердің кәсіби біліктілігінің арқасында серіктестік ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамытып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді.
Қазіргі таңда шаруашылықта 230 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және жұмыспен қамту көрсеткішін арттыруға зор ықпал етіп отырған маңызды көрсеткіш. Сонымен қатар, серіктестіктің құрамында 1675 үлескер бар. Бұл ауыл тұрғындарының шаруашылық жұмысына тікелей қатысып, ортақ игілікті бөлісуіне мүмкіндік береді.
Шаруашылықтың жалпы ауыл шаруашылығы жер көлемі 10 246 гектарды құрайды. Оның ішінде 4 500 гектары егістік жер болса, 4 064 гектары жайылымдық алқаптар, ал 1 682 гектары өзге санаттағы жерлер болып есептеледі. Жер ресурстарын тиімді пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау және заманауи агротехнологияларды енгізу – шаруашылық қызметінің басым бағыттарының бірі.
2026 жылғы егіс науқанында серіктестік тарапынан 2 250 гектар жерге күріш орналастырылды. Сонымен қатар, су үнемдеу саясаты аясында суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі де ұлғайтылып отыр. Атап айтқанда, 505 гектарға жүгері, 115 гектарға бидай және 213 гектарға жаңа жоңышқа егілді. Бұдан бөлек, 790 гектар ескі жоңышқа алқабы күтіп-бапталуда. Бұл жұмыстар мал азығы қорын нығайтып қана қоймай, егіс алқаптарының өнімділігін арттыруға және топырақтың құнарлылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Әсіресе жүгері егісіне ерекше көңіл бөлінген. Дақылды орналастыру үшін қажетті 13,9 тонна жоғары сапалы тұқым толық көлемде сатып алынып, 505 гектар жерге себілген. Егіс жұмыстары агротехникалық талаптарға сай ұйымдастырылып, арнайы тұқым сепкіштер, культиваторлар және өзге де ауыл шаруашылығы техникалары тиімді пайдаланылуда. Заманауи техникалардың қолданылуы жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуына мүмкіндік беріп отыр.
Шаруашылықта тек егіс көлемін ұлғайту ғана емес, суды үнемдеу технологияларын енгізу, өндірістік тиімділікті арттыру, өнім сапасын жақсарту бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға жол ашады.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Берік Сәрменбаев егіс алқаптарын аралап, ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, шаруашылық басшылығымен және еңбеккерлермен пікірлесіп, көктемгі дала жұмыстарынан кейінгі агротехникалық шаралардың орындалу барысын талқылады.
Кездесу барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығының аудан экономикасындағы стратегиялық маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын тиімді пайдалану, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, егіс құрылымын әртараптандыру және еңбек өнімділігін арттыру бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Су – тіршілік көзі. Сондықтан әрбір шаруашылық су ресурстарын тиімді пайдаланып, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін кезең-кезеңімен арттыруы қажет. Бұл – уақыт талабы. Егіс алқаптарындағы барлық агротехникалық жұмыстар белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан басшысы шаруашылық ұжымына алдағы жұмыстарға сәттілік тілеп, өндірістік көрсеткіштерді арттыру, жаңа технологияларды енгізу және еңбек өнімділігін көтеру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Бүгінде «Шаған Жер» ЖШС-нің тәжірибесі ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытындағы оң бастамалардың нақты көрінісі болып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар ауданның аграрлық әлеуетін нығайтып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына берік негіз қалайды.





