Сырдария ауданы әкімдігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында 2025 жылдың ІІІ тоқсанында атқарылған шаралар
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – тұрақты бақылауда, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Сырдария ауданында 2025 жылдың үшінші тоқсанында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бағытында кешенді іс-шаралар жүргізілді. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты тұжырымдамасын іске асыру жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық қызметінің тиімділігін арттыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған №4 үлгілік базалық бағыт 2022 жылдан бастап іске қосылған болатын. Аудан көлемінде осы бағытты жүзеге асыру мақсатында арнайы Жобалық карта әзірленіп, бекітілген.
Жобалық карта аясында төрт негізгі бағыт қамтылған:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру;
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін дамыту.
Біліктілік арттыру мен комплаенс жұмыстары
2025 жылдың маусым айында аудан әкімдігіне қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі 16 комплаенс офицері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс» тақырыбында біліктілігін арттырып, арнайы сертификатқа ие болды.
Сонымен қатар, III тоқсанда аудан әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өткізілді. Жиында бірқатар мекеме басшыларының атқарған жұмыстары тыңдалып, нәтижесі бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған.
Аудан әкімдігі жанындағы Әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекеліне бейім лауазым иелерімен профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Қоғамдық қор жобасы аясындағы іс-шаралар
Аудандық қоғамдық даму бөлімі тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде «Қоғамдық санада сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеуді қалыптастыру іс-шараларын ұйымдастыру қызметі» жобасы мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, жеңімпаз ретінде «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры анықталды. Қормен 2 880,0 мың теңгеге келісімшарт жасалып, жоба аясында белсенді жұмыстар жүргізілуде.
III тоқсан ішінде қоғамдық қор кент орталығында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты кең ауқымды акция ұйымдастырып, ауылдық округтерде «Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру және алаяқтық қылмыстың алдын алу» тақырыбында тұрғындармен кездесулер өткізді.
Жастармен жұмыс және мәдени шаралар
Аудандық қоғамдық даму бөлімі мен жастар ресурстық орталығы бірлесіп, А.Тоқмағанбетов ауылдық клуб үйінде, кітапхана мен Руханият орталығында, сондай-ақ Аграрлы-техникалық колледжде студенттер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бейнероликтер мен жадынамалар таратты.
Барлық кент және ауылдық округ көшелеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы билбордтар орнатылды.
Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» атты байқау өткізіліп, оған ауылдық округтердегі 12 мектептің 8–10 сынып оқушылары қатысты. Байқау карикатуралық сурет салу және үздік бейнеролик бағытында өткізілді.
Ішкі талдау және құқықтық оқыту
Шілде айында кестеге сәйкес, аудан әкімдігіне қарасты 16 квазимемлекеттік мекеменің қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша 16 тәуекел анықталып, оларды жою мақсатында тиісті мекемелерге ұсыным хаттар жолданды. Сонымен қатар, талдамалық анықтамалар облыс әкімі аппаратына жолданып, аудан әкімдігінің ресми сайтына жарияланды.
Заңнама талаптарының сақталуы мен ISO оқулары
Үшінші тоқсан ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын бұзу деректері тіркелген жоқ.
Комплаенс офицерлер шілде, тамыз, қыркүйек айларында 48 семинар мен құқықтық оқыту шарасын ұйымдастырды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында "ISO 37001: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент" стандартын енгізу бойынша 5 комплаенс офицері біліктілігін арттырды.
Ақпараттық жұмыс және авторлық мақалалар
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру мақсатында 2023–2026 жылдарға арналған ақпараттық жұмыс жоспары бекітіліп, түрлі мақсатты топтарға бағытталған бейнероликтер әзірленіп, қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды.
Аудан бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы авторлық мақалалары да БАҚ-та жариялануда. Атап айтқанда, III тоқсанда Қоғалыкөл, Жетікөл, Н.Ілиясов, Шіркейлі, Ақжарма, Шаған ауылдық округі әкімдерінің мақалалары жарық көрді.
Сонымен қатар, барлық елді мекендерде тұрғындардың құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық кабинеттер» ашылып, халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетуде.
Қорытынды
Жоғарыда аталған барлық шаралар – ел көлемінде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың аудан көлемінде тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Сырдария ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия алдағы уақытта да осы бағыттағы үйлестіруші орган ретінде белсенді жұмысын жалғастырады. Ең бастысы – мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамда әділдік пен сенім қағидаттарын орнықтыру.





